«Ауылым-әнім, алтын бесігім»

(0 Votes)

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Жолдауына сәйкес ел руханиятын, ұлттық құндылығымызды, мәдениет пен салт-дәстүрімізді қайта жандандыру мақсатында Махамбет ауданына қарасты ауылдық мәдениет үйлері арасында «Ауылым-әнім, алтын бесігім» атты мәдени күндер өтіп жатыр.

Шараның негізгі мақсаты – жергілікті ақын-жазушылардың, сазгерлердің шығармашылығын насихаттау, азаматтарда ұлттық сана, патриоттық көзқарасты ояту, ауыл таланттарын танытып, оларды бір-бірімен байланыстыру. Ауыл мәдениет үйлерінің өзара тәжірибе алмасуына жағдай жасау. Мәдени күндер барысында бір ауылдың өнерпаздары келесі ауылға қонақ болып, өнерін көрсетіп, оларды әділқазы алқасы бағалайды. Бұл жай ғана концерттік бағдарлама емес, бірнеше жанрдан тұратын байқау десек те болады. Жобаның арнайы шарттары да алдын-ала бекітілген. Бес адамнан құралған әділқазылар байқау шарты бойынша міндетті деп танылған қолөнер, кітап көрмесін, стендтер мен бұрыштарды, сахнаның безендірілуіне де ұпай санын береді. Сонымен қатар, сценарийдің тиянақтылығы, бекітілген уақыттан аспауы да ескеріледі.

«Ауылым-әнім, алтын бесігім» жобасы бойынша бірнеше жанр түрі қарастырылған. Нақтырақ айтқанда, оркестр, ансамбль, жеке аспапта орындаушылар, хор, трио, дуэт болып, күй, көркемсөз, проза, поэзия, монолог, пантомима, т.б жанрларда өнер көрсетуде. Ережеге сай ең алғашқы күні Сарайшық ауылдық округінің өнерпаздары Жалғансай ауылына арнайы бағдарламамен барып, ерекше құрметке бөленіп қайтты. Одан кейін Бақсай, Бейбарыс, Сарытоғай, Алға, Ақжайық, Ақтоғай, Есбол ауылдық округтері алма-кезек көршілес ауыл өнерпаздарын ыстық ықыласпен қарсы алды. Ауылдың ақ жаулықты аналары қонақтардың алдынан шашу шашып, ақсақалдар бата беріп, қазақылықтың қаймағы бұзылмаған ауылдың тыныс-тіршілігін көрсеткендей болды. Бағдарламаны дайындаған өнерпаздар да әр ауылдың тарихынан сыр шертетін ерекше қойылымдар мен сахналық образдарды сомдап шықты. Әсіресе, Сарайшықтың сырға толы шежіресі бейнеленген көрініс ерекше есте қалды. Бейбарыс бақсайлық өнерпаздардың қолымен көшет отырғызып құрметтесе, бақсайлықтар ауылдың кіреберісінен қонақтарын сап түзеп күтіп алып, сый көрсетті. Халқымыз бұрыннан «ауылдың алты ауызы», «ауыл кеші көңілді» деп көрші ауылдағы ағайынның басын қосып, қазан көтеріп, күй тартып, бәйге шауып, көкпар тартқан.«Ауылым-әнім, алтын бесігім» жобасы да сол үрдісті жалғастырудың , мәдениетті дәріптеу арқылы ауызбіршілікті нығайтудың бір үлгісі іспеттес.

А.САТАЕВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT