Қазақстан халқы ассамблеясы бұл күнде еліміздің бірлігі мен қоғамдық келісімнің нағыз алтын көпіріне айналды десек артық болмас. Құрылғанына 30 жыл толып отырған ассамблея осы уақыт ішінде ел дамуына, бірлік пен бейбітшілікті сақтауда көптеген игілікті жұмыстарды атқарды.
Соңғы жылдары Қазақстан қоғамында тұрақтылықты қамтамасыз етуде шешуші рөл атқарып келеді. Мемлекет басшысының стратегиялық бастамаларын қолдай отырып, этносаралық татулықты сақтау, қазақстандық патриотизмді дамыту, сондай-ақ, әлеуметтік және мәдени ынтымақтастықты нығайту бағытында кешенді іс-шаралар жүргізді. Әсіресе, аймақтардағы ҚХА құрылымдарының қызметі күшейтіліп, этномәдени бірлестіктердің ықпалы артты. Бұл қадамдар өңірлердегі қоғамдық келісімді қамтамасыз етудің тиімді тетіктерін қалыптастырды. Сонымен қатар, Ассамблея жастар саясаты, волонтерлік қозғалыстарды дамыту, қайырымдылық жобаларын жүзеге асыру бағытында да белсенді жұмыс атқаруда.
Бүгінгі күні өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІV сессиясында Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев бірегей ұйымның дамыту тұжырымдамасының орындалу мерзімі аяқталуына байланысты жаңа құжатты дайындау жұмысына қазірден бастап кірісу керектігін, оның аясында қоғамды ұйыстырып, үйлесімді дамуға жол ашатын жаңа тетіктер болуы керектігін назарға берді. Экономикалық, мәдени-әдеби салалардың өрлеуіне негіз болатын ел тыныштығын сақтау және мемлекеттік тілдің дамуына үлес қосу ассамблеяның басты жетістіктері болуы тиіс. Бүгінде мемлекеттік тіл – барлық этносты біріктіруші факторға айналды. Мемлекет ассамблея арқылы Қазақстан этностарының тілі мен мәдениетін дамытуға қолайлы жағдай жасап отыр. Қазақ қоғамын дамытатын жалпы ұлттық міндеттерді жүзеге асырып, қазақстандық бірегейлікті нығайтатын ассамблеяның орыны ерекше. Ол бірлігіміздің ұйытқысы.
Виктория ХАЛМЕНОВА,
неміс ұлтының өкілі, қазақтың келіні