Адам саудасымен күрес күшейеді

(0 Votes)

Бұған дейін Президентіміз елімізде адам саудасына қарсы күресті күшейту қажеттігін, ол үшін арнайы заң әзірлеу керектігін айтқан болатын. Ол іске асып, биыл жаңа заң қабылданды. Мемлекет басшысы 2024 жылдың 5-ші шілдесінде «Адам саудасына қарсы іс - қимыл туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды. Құжат биылғы жылдың  5-ші қыркүйегінен бастап күшіне енеді.

Жаңа құжатта адам саудасымен күрес күшейтіліп, жауапкершілік қатаңдатылып отыр. Енді, бұл қылмыстың жолын кесуге шекарашылар да тартылады. Сонымен қатар, заңда шетелден келіп құлдыққа түскендерге  қатысты баптар да бар.

Адам саудасы – әлем бойынша белең алған қылмыс. Негізгі себеп – бұл қылмыстық бизнестің жоғары рентабельділігі. Қылмыстың бұл түрінің жыл сайынғы айналымы шамамен 150 млрд АҚШ долларын құрайды. Тағы бір себеп – халықтың кедейлігі. «Арқада қыс жылы болса, арқар ауып несі бар», дегендей, қу тіршілік қажытып, басқа жақта мол қаражат күтіп тұрғандай көрсетеді. Хабарландыруды оқып немесе табысы мол жұмысқа орналастырамен дегендерге еріп, жақсы өмір іздеген  адамдар адам саудасының құрбанына айналады. 2023 жылы Қазақстанда адам саудасына байланысты 150 қылмыстық іс қозғалған. 28 қылмыстық істе жәбірленушілер кәмелетке толмағандар. Құлдыққа түсушілер көбінесе әлеуметтік желілердегі хабарландырулар арқылы жыныстық немесе еңбек қанауының құрбандары болыпты.  Өткен жылы қазан айында «Қорғас» халықаралық орталығының аумағында сауықтыру орталығы мен қонақ үй кешені атын жамылып, жұмыс істеген притондар мен жасырын казинолардың заңсыз қызметі тоқтатылды. Сол сияқты, ақпарат көздерінде хабарланғандай Бас прокуратура жанындағы Құқық қорғау органдары академиясының қызметкері интернет-сайт арқылы 11 адамнан тұратын қылмыстық топ қызметінің жолы кесілгенін айтқан.  «Kyzdar.net», сайты жезөкшелікпен айналысатын адамдарды жарнамалай отырып, онлайн-жеңгетайлықпен айналысқан. Компания күн сайын 2 млн.теңгеге дейін табыс тапқан. 

Қазақстанда 2024 жылдың басынан бері адам саудасының 137 фактісі тіркелді. Сондай-ақ, құқық қорғау органдары тоғыз адам ұрлаудың және оларды қанау мақсатында заңсыз бас бостандығынан айырудың алдын алды. Бір ғана 2024 жылдың мамырында үш күннің ішінде ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес бөлімшелері адам саудасының 49 жағдайын анықтап отыр. Олардың тоғызы кәмелетке толмағандар болып шықты. Үлкендерді айтпағанда жаңа туған нәрестелер де  саудаға салына бастады. Соңғы бірнеше жылда елімізде заңсыз асырап алу немесе асырап алу мақсатында жаңа туған нәрестелердің жасырын саудасының да пайызы өсті. Жыл сайын балаларын сататын әйелдер мен асырап алушылардың қатысуымен қылмыс жасаудың жаңа әдістері анықталады. Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің орынбасары Марат Қожаев Сенатта өткен брифингте 2024 жылы сәбилер саудасының алты жағдайы анықталғанын мәлімдеді. «Негізінен балалар біздің елімізде сатылады. Физиологиялық ерекшеліктері бойынша балалы болу мүмкіндігі жоқ адамдар бар. Олар белгілі бір сұранысты тудырады. Мұндай қылмыстық  жағдайларға перинаталдық орталықтардың, балалар үйлерінің қызметкерлері және  қалаусыз жүктілігі бар азаматтар қатысады», – деп атап өтті ол. Бір бала үшін саудалаушылар  100 мың немесе 2 миллион теңге сұрайтын көрінеді.
Жаңа заң бойынша адамды саудаға салушыға жәбірленушімен татуласқан жағдайда да кешірім берілмейді. Қылмыстың түріне қарай 18 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Өзгенің өміріне  қара бұлт үйіріп, көз жасына қалып жүргендер енді айылын жиятын шығар деген ойдамыз.

Қанат ҒҰМАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT