«70 ПАЙЫЗЫ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТЫЛЫП ОТЫР»

(0 Votes)

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында 2025 жылды «жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялайтынын айтқан болатын. Ал ондай мамандықтарды даярлайтын арнайы оқу орындары аз емес. Расында да, бүгінде кәсіптік білімге деген талап та, сұраныс та жоғары. Осы бағытта кәсіптік білім берудегі жаңашылдықпен жұмыс істеуге бетбұрыс жасаған еліміздегі 100 білім ордасының бірі - аудандағы жұмысшылар ұстаханасы саналатын Индер көп бейінді ауыл шаруашылығы колледжі.

Кәсіби білім алуға шақыру мақсатында жыл сайын жоспарға сәйкес аудандағы және көршілес облыс, аудан мектептеріне барып, кәсіптік бағдар беру жұмыстары ұйымдастырылады. Сол жұмыстардың нәтижесінде биылғы оқу жылында мемлекеттік тапсырыспен 231 білім алушы 14 оқу тобында білім алуда. Кәсіптік білім беруді жолға қойған оқу орындары үшін материалдық-техникалық базаның заман талабына, нарық сұранысына сай болғаны маңызды.

Өткен оқу жылында 3 оқу кабинеті 76 млн. 753 мың теңгеге модернизациядан өтті. Атап айтар болсам, «құрылыс цехын жаңғырту жұмыстары» бойынша 27 млн, «жүк және жеңіл автомобильдерге арналған тренажер цехын жаңғырту жұмыстары» бойынша 24 млн. 980 мың теңге және «дәнекерлеуслесарлық цехты жаңғырту жұмыстары» бойынша 24 млн. 773 мың теңге қаралып, тиісті жаңғырту жұмыстары жасалды. Сонымен қатар, компьютер класына интерактивті тақталарға жаңарту үшін сұраныс берілді.

Типтік жобада салынған оқу шеберханасы салынған жылдан бері күрделі жөндеуден өтпеген. Биыл аудан әкімдігінің қолдауымен оқу шеберханасына күрделі жөндеу жұмыстарын жасау үшін жобалық-сметалық құжаттары жасақталуда. Спорт алаңы мен автодром орналасқан жер учаскесін бөліп, аудандық құрылыс бөліміне табысталды. Қазіргі таңда жобалық-сметалық құжаттамасы жасалуда. Жылдан-жылға оқу-тәрбие процесіне де талап күшейе түсті.

Студенттердің бос уақытын тиімді пайдалану мақсатында қоғамдық негізде шахмат, тоғызқұмалақ, волейбол, баскетбол, футбол, жеңіл атлетика, қолөнер, аспаздық және техникалық үйірмелер, «Дельфин» әскери-патриоттық клубы жұмыс жасайды.

Кәсіби шеберлік алаңы - "WorldSkills Atyrau-2024" өңірлік чемпионатында студенттеріміз жыл сайын орын алып, колледж мәртебесін өсіруде. Студенттерге білім көрсеткішіне қарай аралық және қорытынды аттестациялаудың нәтижесінде стипендия төленеді, бір мезгіл ыссы тамақпен, көршілес облыс, аудандардан және елді мекендерден келген студенттер жатақханамен қамтылған және ІІІ курс студенттеріне қосымша мамандық алуға 30% жеңілдік беріледі. Білікті кадрларды даярлау саласындағы ынтымақтастық, техникалық және кәсіптік білім беру саласындағы тараптардың мамандандырылған оқу орындары арасындағы серіктестікті нығайту мақсатында Оңайбай Көшеков атындағы Атырау аграрлық-техникалық колледжімен, Атырау сервис колледжімен, Атырау транспорт және коммуникация колледжімен, Атырау индустриалды колледжімен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылып, оқу жылы ішінде дуалды оқыту жүйесі бойынша арнайы жасалған келісімшарттар негізінде колледж студенттері жеке шаруа қожалықтардан, өндіріс орындарында өндірістік тәжірибеден өтеді.

Жас мамандардың кәсіпорындарға тез сіңіп кетуіне үлкен ықпал тигізетін - осы дуалды оқыту жүйесі. Бітіруші түлектер үшін қорытынды аттестаттауды демонстрациялық емтихан түріне ауыстыру жұмыстары қолға алынып отыр. Сонымен қатар, студенттердің өндірістік тәжірибеден өтуі жолға қойылған. Айталық, биыл аудандағы «Мол» ЖШС, «Ақсай» жеке кәсіпкерлігі, «Индер СТРОЙ» ЖШС, «Сәке суши», «Тулегенов» жеке кәсіпкерлігі иелерімен келісімшарт жасалып, студенттер өндірістік тағылымдамадан өтті.

Өткен жылы «Слава» шаруа қожалығының сұранысы негізінде «Ауыл шаруашылығын механикаландыру» мамандығы бойынша 2 курс студенттері базалық кәсіпорынмен танысып, өндірістік оқыту шебері К.Таудаев студенттерімен бірге науқандық жұмысқа белсене араласты. Бұл игі бастамаға аудандағы іргелі кәсіпорындар мен шаруа қожалықтары ынталылық танытса, жергілікті жерден шыққан маманның өзі алыстан қызмет іздемей, өз жерінде жұмысқа орналасып, өз ауылын көркейтуге үлесін қосар еді. Бұл жұмыстардың барлығы әріптестерімнің екіжақты іскерлік байланыс, жауапкершілік пен түсіністіктің нәтижесінде іске асып келеді. Қазіргі заман талаптарына сай студенттерге сапалы кәсіптік білім беру үшін материалдытехникалық базаның жаңаруы – аса маңызды іс.

Түлектеріміздің жұмыспен қамтылуы туралы айтар болсам, 70 пайызы өз мамандықтары бойынша жұмысқа орналасады. Оның ішінде басым көпшілігі жоғары оқу орнына түседі. Колледж түлектерінің ер балалары түгел әскер қатарына өз еріктерімен сұранып, азаматтық борышын өтеп келеді. Жасөспірім шағында колледжге қабылданған студенттермен колледж педагогтары жеке жұмыс, психологиялық зерделеу жұмыстарын жүргізіп, олардың ортаға бейімделуіне қатты мән беріп, қабілеттерін ашады.

Гүлфара АБЕНОВА,

Индер көп бейінді ауыл шаруашылығы

колледжі директоры

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT