Әлем жұртшылығы коронавирустан құтылудың бірден-бір жолы – вакцина алу деп пәрменді науқан жүргізіп жатқан тұста екпеге қарсы шыққандар етектен тартуға шықты.
Вакцинаға қарсы пікірдегі ат төбеліндей антиваксерлердің бір тобы жалпақ жұртты «вакцина құрамындағы микрочип арқылы жүрген-тұрғаныңды бақылап отырады» деп сендіруге тырысып әлек. Екіншілері «екпеде ауыр металл, магнит пен сұйық кристаллдар бар, ағзаңа енген соң күндер өте келе белсіздік пен бедеулік, обыр сияқты ауруларға душар етеді» деп сәуегейсиді. Әйтеуір ойлап таппайтындары жоқ. Тіпті бұл қазаққа жасалып жатқан қастандық деп көлгірситіндерін қайтерсің. Әрине, мұның бәрі жел сөз екені айдан анық, медицина мамандары да, ғалымдар да вакцинаның зияны барын жоққа шығарады.
Көптеген мемлекет өз бетінше коронавирусқа қарсы вакцина ойлап тапты, бірақ тиімділігі әлі толық зерттеліп болған жоқ. Әлемдегі біраз фармацевтикалық компания өз зерттеулерін 2022-2023 жылдары аяқтайтынын мәлімдеді. Алайда, қалыптасқан эпидемиялық жағдайға байланысты көптеген ел зерттеудің екінші және үшінші сатыларынан өткен вакциналарды қолданысқа енгізу туралы шешім қабылдады. Тәжтажалдың таралуының қазіргі қарқынынан секем алғандықтан осындай тәуекелді қадамға барды. Сөйтіп, толық зерттеуі аяқталмаған вакциналар дүниежүзінде қолданыла бастады. Reuters Fact Check зерттеушілер тобы коронавирусқа қарсы вакциналарда микрочиптер, металлдар немесе магниттер жоқ деп нақты әрі сенімді жауап береді. Медицина сарап-шылары ДДСҰ бекіткен барлық вакцинаның құрамын зерттегеннен кейін осындай қорытындыға келген екен. Вакциналардың құрамында аз мөлшерде алюминий бар екені рас, алайда Оксфорд университетінің зерттеушілері ол металлдың вакциналардағы концентрациясы тамақ пен ауыз судағыдан да аспайтынын дәлелдеді.
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев та жаппай вакцинациялауды кері тартып, кереғар пікір айтушыларға да өз алаңдаушылығын білдірді. «Вакцинациядан өтпейтін адамдармен жұмыс жасауда сараланған тәсілді қолдану қажет. Бұл топ біртекті емес. Вакцинациядан бас тарту себептері әртүрлі. Мұндай адамдардың арасында тартыншақтық көп. Біз барлық құралдармен, соның ішінде әлеуметтік желілер арқылы оларды сендіруіміз керек. Батыстың кейбір дамыған елдерінде сендіру әдістерінен мәжбүрлеу шараларына ауысады. Ірі еңбек ұжымдарының қызметімен байланысты ерекше жағдайларды қоспағанда, біз бұған бармаймыз. Себебі «қыңыр» антиваксерлердің шағын тобының кесірінен өз отбасыларының әл-ауқатын өз еңбегімен қамтамасыз ететін азаматтарымыздың денсаулығына қауіп төндіре алмаймыз» деп насихаттық жұмыстарды жетілдіре түсуді тапсырды.
«Жау жағадан алғанда, бөрі етектен тартады» деген қазақтың жақсы бір мақалы ауру жаналқымнан алып жатқанда шаужайға жармасқан шәуілдектердің осындай әрекеттеріне дөп келетіндей. Қазіргі уақытта вирус пен вакцинаны зерттеу мәселесіне тер төккендердің емес, одан мүлдем бейхабар «ақылгөйлерге» сенгіштік жағдайды ушықтырып отыр, өтіміз жарылып кетсе де мұны мойындауға тиіспіз. Антиваксерлер өз арамызда да жетіп артылады, әлеуметтік желілерде біреуі бастаса, қалғандары айтаққа ергендей қоштай жөнеледі. Меніңше, ондай өзге ойлыларға тоқтам салынуы тиіс. Президент айтқан ат төбеліндей «қыңыр» антиваксерлердің әрекетінен өзгеміз жапа шекпеуіміз қажет. Керісінше, ешкімнің дегенімен жүрмей екпемізді алып, сақтанып жүргенге не жетсін?!
А.НӘЖІМОВ