Жағдай жақсы емес

(2 Votes)

Пандемия басталғалы жұқпалы аурулар емханасында ине шаншыр орын жоқ.

Жұрт әлі күнге сенбейтін коронавируспен ауырып жатқан адамдар саны өте көп. Тіпті, алдыңғы жылмен салыстырғанда ахуал күшейіп тұр.  Мұндағы науқастардың алды 90 жаста болса, ең кішісі – төрт айлық сәби екен. Аудандық жұқпалы аурулар емханасының дәрігері Алена Полееваның айтуынша, ағымдағы жылдың жаз айында коронавируспен ауырған науқастардың жағдайы өткен жылмен салыстарғанда ауыр екенін жеткізді.

– Осы жылы 700-ге жуық тұрғын тәжтажалмен ауырып, емделіп шықты. Оның 130-дан астамы жансақтау бөліміне түсіп, 70-ке жуығы емге көнбей,нашар болған соң облысқа жіберілді. Мұндай науқастардың ішінде болашақ аналар да бар. Яғни, Атырау қаласына 30-ға жуық келіншекті жібердік,-  дейді Алена Владимирқызы.

Дәрігердің айтуынша, ауруханаға түскендердің арасында ковидке қарсы вакцина алғандар мен екпе қабылдамағандардың ауру дәрежесінде айырмашылық бар. Вакциналанған науқастарда ковид орташа дәрежеде өтіп жатыр екен. Вирус жұқтырған науқастардың арасында І компонентті алған - 20 адам болса, 10 тұрғын ІІ компонентті қабылдапты. Қазір, олардың жағдайы жақсы. Аурудың беті тез қайтыпты.

Індетпен күресіп, ауру жұқтырғандарға ем қондырып жүрген ақ халаттылар екпе алуға кеңес береді. Өйткені, қазіргі уақытта салғырттық танытудың соңы қайғылы жағдайға әкеп соқтыруда. Жалпы, жыл басынан бері коронавирустан 14 адам қайтыс болған. Бұл, әрине, көңіл көншітерлік  жағдай емес. Сондықтан тарап жатқан дерттің қалқаны – вакцина екенін естен шығармаған жөн. Айта кетейік, бүгінде ауданның тоғыз мыңнан астам тұрғыны екпенің І компонентін алса, 6 500-ге жуығы ІІ компонетін салып үлгеріпті.

 

Жайдарлым ҚАЙРЕДЕН  

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT