Вакцина – сенімді қорғаныс

(0 Votes)

Вакцина дегеніміз – иммундық биологиялық препарат. Ең басты мақсаты – ағзаны вируспен таныстырып, онымен күресуге үйрету.  Басқа екпелер сияқты коронавирусқа қарсы екпенің  де қарсы көрсетілімдері бар.

КВИ індетіне қарсы вакциналар бүкіл дүние жүзінде адамдар жаппай коронавирус инфекциясын жұқтырып, өлім-жітім саны көбейген тұста зерттелді. Әлемде қазір 200-ге жуық  вакцина зерттеулерден өткізіліп жатса, соның ішінде 6 екпені қолдануға рұқсат етілді. Қазір вакцинаны дүние жүзі бойынша 42 мемлекет пайдаланып отыр.

Жаппай егу басталғалы салынып жатқан жалғыз екпе «Спутник v» вакцинасының тиімділігі – 91,6 пайыз. Алайда, ол егілген адамды коронавирустан қаншалықты сақтай алады?

Медицина саласына қатысты құзырлы органдардың айтуынша, вакцинация – ең тиімді шаралардың бірі. Қазір әлем бойынша ұстаным осындай. Яғни, неғұрлым көп адам екпе алса, соғұрлым дертті тоқтатуға мүмкіндік мол.  Елімізде халықты коронавирус вакцинасына қарсы вакциналау 2021 жылы 1 ақпаннан басталды.   Отандық дәрігерлердің  айтуынша, ресейлік екпе арқылы иммунитет 2 жылға жуық сақталады. Тарихқа көз жүгіртсек, әлем ауыр індеттерден вакциналаудың арқасында ғана арылған. Бір сөзбен айтқанда, шешектен де, полимелиттен де екпе құтқарған. Өмірге келген балаға ең алдымен туберкулезге қарсы, ал екі айға толысымен профилактикалық екпелер салына бастайды. Туберкулез, қызылша, сал ауруларына қарсы екпе алудың нәтижесінде, бүгінде мұндай аурулар бәсеңсіді.  Бүгінгі таңда КВИ-ға қарсы вакцина төңірегінде мифтер көп. Сондықтан, халық тек ресми ақпарат көздеріне ғана құлақ асса, отандық сарапшылардың пікірін тыңдаса жақсы болар еді. Вакцинаға күдікпен қарайтын жұрт оның жанама әсерлерінен қауіптенетіні белгілі. Кез келген лицензияланған вакцина сынақтың бірнеше сатысынан өткен соң ғана  пайдалануға жарамды деп танылады. Демек, үрке қарауға негіз жоқ. Бұған қатысты мамандар адамның организмі кез келген вакцинаны енгізуде иммунитетті қалыптастыратынын, сондай-ақ иммундаудан кейін дене температурасының  қысқа мерзімді жоғарылауы, вакцина орнында қызару мен ісіну сияқты жағымсыз көріністердің пайда болатынын айтады. Медицина қызметкерлері кез келген вакцинаны салмас бұрын адамның аллергиясы бар-жоғын анықтайды. Егер ауыр аллергиялық ауру болса, адамға вакцина салу медициналық тұрғыдан бас тартылады. Бұл ретте аллергиялық реакцияны болжау мүмкін емес, себебі әрбір адамның организмі әртүрлі. Уақтылы ден қою үшін адам вакцина алғаннан кейін алғашқы 30 минут ішінде дәрігердің бақылауында болуы керек. Екпе салдырған медицина мамандарынан кері әсер байқалып жатқанын да естімеппіз. Сондықтан, желдей ескен қауесет сөзге назар аудармау қажет.

Коронавирус инфекциясы  вирус тұмау тәрізді өмірімізге енді. Мәселен, жыл сайын тұмауға қарсы вакцина шығарылады. Себебі, тұмау да мутацияланып, өзінің әсер ету күшін өзгертіп отырады. Коронавирус та сол тәрізді. Егер ауырмаған адамдардың бәрі вакцина алса, індет әрі қарай тарамайды. Осылайша вирус жойылады. Коронавирустың мутацияланған жаңа түрі өте қауіпті. Қазір АҚШ пен Еуропада адам өлімі көп тіркеліп жатыр. Сондықтан бұл елдер вакцинациялауды ерте бастады.

«Спутник v» вакцинасы Ресейде мемлекеттік тіркеуден өтті және бірнеше ай бойы халықтың осал топтарын иммундау үшін қолданылып келеді. Ресейдің тікелей инвестициялар қорының мәліметтері бойынша бұл вакцинаны сатып алуға 50-ге жуық мемлекет өтініш берген, ал Беларусь, Сербия, Аргентина сияқты  елдер  оны қазірдің өзінде сәтті қолдануда.  

Жалпы, індеттен аман қалудың жалғыз жолы – үйде отыру. Аса қажеттілік туындаған жағдайда ғана сыртқа шығып, ара қашықтықты сақтап, бетперде тағып, антисептик қолдану. Бұл қарапайым ережелердің  өмірімізге енгеніне біраз болды. Алайда, әлі күнге дейін пандемияға атүсті қарап, той тойлап, жиындар өткізіп жүргендер бар. Бір адам аурухана төсегінде қиналып жатқан сәтте, енді бірінің той-томалақта жүруі қазір шектен шыққан әрекет саналады. Сондықтан, сақтанған ғана сау жүретінін басты назарда ұстайық. «Өлім-жітім мен инфекцияның таралуын азайта алатын вакцина арқылы еркіндікке қол жеткіземіз» деген Дүниежүзілік Денсаулық сақтау Ұйымының ұстанымын да естен шығармайық.

А.Шакупова

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT