Коронавирустың таралуына қарсы ведомствоаралық комиссия әлемдегі эпидемиологиялық ахуалға шолу жасады.
Мәселен, маусым айының ортасында Колумбияда індет жұқтырғаны анықталған науқастар арасындағы өлім-жітімнің ең жоғары көрсеткіші тіркелген. Бір тәулік ішінде инфекцияның 28519 жағдайы анықталып, 586 адамның мерт болғаны расталды. Мемлекетте бүгінге дейін барлығы 3,7 млн адам коронавирусқа шалдықса, олардың 96 мыңға жуығы қайтыс болған. Индонезияның Пеканбару қаласының билігі вакциналау қарқынын жеделдетті. Мұнда адамдарды арнайы жабдықталған автобустарда еге бастады. Ол көліктер коронавирусқа қарсы препараттың 12 мыңға жуық дозасын тасымалдайды. Бұл күн сайын мыңнан астам тұрғынға екпе салуға мүмкіндік береді. Бүгінде аталған елде вакцинаның екі компонентін 12 миллионға жуық адам салдырған. Келер жылы бұл көрсеткішті 80 миллионға арттыру көзделуде.
Ал, Түркияға ресейлік «Спутник V» вакцинасының алғашқы партиясы жеткізілді. Ел билігі ресейлік препараттың вакциналауды тездетуге ықпал ететінін атап өтті. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, соңғы төрт күнде Түркияда 200 мың адам инфекция жұқтырды, жаңа ауырғандардың саны өсуде. Ұлыбритания Премьер-министрі Борис Джонсон былтыр наурызда пандемияға байланысты енгізілген барлық шектеулерді жеңілдету шараларын бір айға шегерді. Барлық шектеулер 21 маусымда алынады деп жоспарланған болатын. Алайда үкімет Ұлыбританияда коронавирустың үнді штаммының таралуына байланысты «тағы біршама уақыт күткен дұрыс» деп санайды. Енді шектеулер 19 шілдеде жеңілдетіледі деп күтілуде. Премьер-министрдің мәлімдеуінше, оған дейін елдің барлық ересек тұрғындары вакцинаның алғашқы дозасын алады деп жоспарланған. Филиппиндегі Манила медициналық жоғары оқу орындарының студенттері елдегі эпидахуалға қарамастан, күндізгі оқуға оралды. Оралмас бұрын студенттердің барлығы вакциналанған болатын. Алайда олар үшін аудиторияларда бетперде кию талабы алынған жоқ.
Еліміздің Денсаулық сақтау министрі А.Цой Ресейдегі COVID-19 бойынша қолайсыз жағдайды ескере отырып, вакциналау қарқынын арттыру шараларын қабылдауды сұрады. Соңғы аптада ТМД елдерінде, оның ішінде Ресейде коронавирус инфекциясының өткен аптамен салыстырғанда 1,5 есеге өскені байқалды. Нәтижесінде қосымша шектеу шаралары енгізілді. Айта кетейік, жақында ауруға шалдыққан науқастар және олармен байланыста болған адамдар үшін оқшаулаудың міндетті режимін көздейтін санитариялық-эпидемиологиялық талаптар күшіне енген болатын. Белгіленген талаптарды орындамағаны үшін оқшаулау режимін бұзушыларға 30 АЕК немесе 87 510 теңге мөлшерінде айыппұл салынады (ҚР ӘҚБтК 452-бабы). Денсаулық сақтау министрлігі Ashyq жобасы теміржол вокзалдары мен әуежайларда да енгізілетінін айтқан болатын. Бүгінде ол бойынша жұмыстар қолға алынуда. Республикада карантиндік шектеулердің сақталуын бақылайтын мониторингтік топтардың жұмысы жалғасуда. Бүгінде Қазақстанның барлық өңірлерінде 1,8 мыңнан астам мониторингтік топ жұмыс істейді. «Ауру батпандап кіріп, мысқалдап шығады» демекші, кеселмен күресудің, індетті жеңудің бірден-бір жолы – вакцина екенін бүгінде әлем болып мойындадық. Ендеше, ел болып жұмылып, екпе алып, еңсе тіктеуден басқа жол жоқ.
Ақпарат көздерінен дайындаған Еркеназ Қалижан