Вакцина алғандар не дейді?

(0 Votes)

Вакцина пайда болғалы 3 ғасырдан астам уақыт өткен. Ол - тарихтағы медицинаның басты жетістіктерінің бірі.

Тарихтан белгілі болғанындай, вакцинация жүздеген миллион адамның өмірін құтқарып қалған. Полиомиелит, қызылша, дифтерия тәрізді аурулардың тарлуына жаппай вакцинация тосқауыл болды. Коронавирус - адамзат бетпе-бет келіп отырған алғашқы жұқпалы ауру емес. Оның таралуын тоқтатудың бірегей жолы - жаппай вакциналау. Вакцинация ерікті түрде тек вакцина жасалатын адамның келісімі бойынша жүргізіледі. 

Коронавирусқа қарсы екпе алу қаншалықты қауіпсіз? Вакцинаның ағзаға әсері қандай? Осы және өзге де сауалдарға екпе алып үлгерген аудан тұрғындары жауап берді.

«Дәшін» жанұялық амбулаториясының медбикесі Назымгүл Меңдіғалиева:

- Әлеуметтік желіде вакцинацияға қарсы адамдардың саны тым көп тәрізді көрінеді. Ал, шын мәнінде тұрғындардың басым көпшілігі өз денсаулығына жауапкершілік танытып, екпе алуға тырысады. Мен не себепті вакцина салдырдым? Біріншіден, жұқпалы аурумен ауыратын науқастармен байланыста боламын. Бұл – менің жұмысым, сондықтан ешқандай қорғаныс киімі ауру жұқтырмайсың деген кепілдік бере алмайды. Ауырғаннан кейін тұрақты иммунитет қалыптаспауы мүмкін, ал вакцинадан кейін оған қол жеткізуге болады. Үшіншіден, мен ата-ана, туған-туыстарға ауру жұқтыратын вирус тасымалдаушысы болғым келмейді. Олармен де қарым-қатынаста болғандықтан, жақындарымның да қауіпсіздігін ойлауым керек. 

Аудандық жас туристер бекетінің маманы Әділбек Атаев:

- Мен «Спутник V» вакцинасын салдырдым. Оның клиникалық сынақтан қалай өткені туралы танымал The Lancet журналына жарияланған. Оны әлемдегі 45 мемлекет қолданып жатыр, бұл - танымалдық жағынан AstraZeneca-дан кейінгі вакцина. Вакцина қабылдап жатқан жастар көп. Кезекте тұрғандар да аз емес. Екпе алардың алдында мамандар тамағымызды мұқият қарап, дене қызуы, қан қысымын өлшеп, денсаулыққа қатысты басқа да сұрақтар қойды. Аллергиямыз бар-жоғын сұрады. Екпе салғаннан кейін 30 минут отырасың және қандай күйде отырғаныңды қағазға түсіріп бересің. Аудандық орталық емхана басшылығының екпе егу бойынша бүгінде тәжірибесі бар. Олар әр келушінің жағдайын бақылауда ұстап отыр.

Аудандық қорғаныс істері бөлімінің бас маманы Асланбек Шарипов:

- Кеше мен өзіме COVID-19-ға қарсы екпесін салғыздым. Бұл вакцинаны салдыруға көптеген күмәнданушылармен бірге қарсыластардың бар екенін білемін. Алайда инфекцияны жұқтырудың жанама әсерлері мен салдарын салыстыра келе, ғылыми қауымдастық, батыс және шығыс елдерінің коронавируспен күрестегі тәжірибесіне сенім білдірдім. Қазіргі жағдайда бізге бұл індетті жеңуге тек жаппай вакцинация ғана мүмкіндік бере алады деп ойлаймын. Мен қызмет бабында көптеген жастармен, білім алушылармен жұмыс істеймін. Сол себепті вакцина алуды дұрыс санадым. Карантиннен біржола құтылудың жалғыз амалы - қоғамдық иммунитетті қалыптастыру.

Еске сала кетсек, ауданымызда 2700-ге жуық тұрғын коронавирусқа қарсы вакцина салдырды. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхат Байдувалиев аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында өткен жиында ауданымызда екпе алу жұмысы өте белсенді жүріп жатқанын атап өткен еді. Алдағы уақытта да осы қарқыннан таймай, «ұжымдық иммунитет» қалыптастыруға сіз бен біз болып атсалысайық!

 

Еркеназ Қалижан

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521