Әлемде 2000 – шы жылдардан бастап туберкулезді анықтаудың және емдеудің жаңа тәсілдері жасақтала бастады.
Қақырықты бакскопиялық зерттеудің молекулярлы – генетикалық G- Xpert, BACTEK, Bioneer, Хайн – тест тәсілдері, өкпені компьютерлік томография, МРТ, цифрлық рентгенотомографиялық сәулемен зерттеумен қатар иммунологиялық зерттеулер қолданысқа берілді. Ағзадағы туберкулезді ерте анықтаудағы осы тәсілдердің ішіндегі ең маңыздысы – иммунологиялық зерттеу болып табылады. Себебі, бұл тәсіл өкпеде туберкулез инфекциясының өзгерістері пайда болғанға дейін ағзада туберкулез таяқшаларының белсенді түрін анықтауға, аурудың алдын алып, емделуге мүмкіндік тудырады. Иммунологиялық зерттеулер қатарына тері ішілік сынама Диаскинтест (АТР) және гемотологиялық, яғни қан құрамын зерттеп анықтайтын Квантиферон тесті кіреді. Назар салып айта кетерлігі Диаскинтест сынамасы екпе (вакцина) емес, ол ағзадағы диагнозды анықтауға арналған диагностикалық сынама болып табылады.
Диаскинтест сынамасы ауданымызда 2015 жылдан қолданыста. Осы тәсілді қолдану арқылы балалар мен жасөспірімдер арасында туберкулездің латентті (яғни жасырын) және белсенді түрін анықтауға, өкпені туберкулез инфекциясы зақымдамай тұрып емді ерте бастауға, жүкті әйелдер мен ересектер арасында өкпеден тыс туберкулезге күдікті жағдайларда диагноз қоюға мүмкіндік туды. Диаскинтест (АТР) құрамында ағзаға зиянды заттар жоқ. Қолданыста болғанына 100 жылдан асқан Манту сынамасымен салыстырғанда, Диаскинтест - диагностиканы дәл, нақты анықтауда анағұрлым жоғарғы дәрежедегі заманауи сынама болып есептеледі.
Ауданымызда өкпе туберкулезінің балалар мен жасөспірімдердегі аурушаңдығы өсіп, эпидемиологиялық ахуал өте күрделі жағдайда. Бұған себеп - ересектер арасындағы өкпе туберкулезінің кең тарап, ауданда жоғарғы деңгейдегі резервуардың қалыптасуы. Осы жағдайды ескеріп, өңірімізде жасөспірімдер арасындағы туберкулездің латентті ( жасырын ) түрін ерте анықтау үшін сәуір, мамыр айларында 15 – 16 жастағы балаларға Диаскинтест сынамасын салу көзделіп отыр. Манту сынамасы сияқты Диаскинтест те білекке, тері ішіне салынып, нәтижесі 72 сағаттан кейін тексеріледі. Осы ақпаратты назарларыңызға ұсына отырып, Диаскинтест сынамасына 15 -16 жастағы балаларды түгел қатыстырады деген сенімдеміз.
Құрметті ата – аналар , таңдау құқы өздеріңізде!
О. Ахметқалиев жоғарғы санатты фтизиопедиатр