Әдетте күз айларында суық тиюден асқынатын түрлі вирусты инфекциялар «бас көтереді». Тұмау – жұқпалы респираторлық ауру.
Ол әдетте адамнан адамға күнделікті тұрмыстық қарым-қатынастан бөлек, ауа арқылы да таралып, жұғатыны белгілі. Ауру жедел түрде басталып, белгі береді: бірнеше сағат ішінде дене қызуы 39-40 ºС-қа дейін көтеріледі, бас айналу, әлсіздік, буындар мен бұлшық ет ауырсынуы пайда болады. Кейде бірнеше күнге дейін белгі бермеуі де мүмкін, әйткенмен бұл инфекциялар, әсіресе тұмау орталық жүйке жүйесін, жүрек-қан тамырларын зақымдап, өкпенің қабынуына (пневмония) ұласып кетуімен өте қауіпті, оның соңы тіпті қайғылы жағдайларға да соқтыруы мүмкін. Сонымен бірге, құлақтың инфекциясы немесе бактериялық пневмония сияқты асқынуларға әкелуі мүмкін. Демікпе, қант диабеті, қатерлі ісік және басқа созылмалы аурулары бар науқастардың жағдайын нашарлатады.
Тұмауға қарсы екпені жыл сайын осы уақытта салады. Вакцинаны эпидмаусым басталмас бұрын иммунитет қалыптастыру үшін енгізу керек. Ауданға 5000 доза тұмауға қарсы вакцина келді. Тәуекел тобына кіретін тұрғындар оны тегін ала алады. Олар: созылмалы ауруы бар балалар, медицина қызметкерлері, мектеп интернаты, балаларға, мүгедектерге арналған мектеп-интернаттары, қарттар мен мүгедектер үйлерінің контингенттері.
Тұмаудың алдын алу ережелері: эпидемиялық маусым басталғанға дейін тұмауға қарсы екпе алыңыз, адамдар көп жиналатын жерлерде және қоғамдық көліктерде болу уақытын қысқартыңыз, түшкіру немесе жөтелу сияқты ауру белгілері бар адамдармен тығыз байланыста болудан аулақ болыңыз, масканы қолданыңыз, қолыңызды үнемі сабынмен жуыңыз. Күні бүгін 506 құрманғазылық тұрғын тұмауға қарсы вакцинаны қабылдады. Уақытылы вакцинация еңбек ұжымында аурудың таралу қаупін және ауруға шалдыққан жұмыс күндерінің санын азайтуға мүмкіндік береді. Сондықтан, ұйымдар мен мекемелер басшыларына жұмыс берушінің қаражаты есебінен қызметкерлерді тұмауға қарсы вакцинациялау мәселесін шешуді ұсынамыз, Егу науқаны 15 қарашаға дейін жалғасатынын қаперлеріңізге береміз.
Айнагүл Амангелдіқызы,
дәрігер эпидемиолог