Коронавирусқа қарсы вакцина аудандағы мектеп оқушыларына салынып бастап кетті.
Алғаш болып Дыңғызыл ауылдық округінің жасөспірімдері қабылдағанын газетіміздің алдыңғы санында жазған болатынбыз. Қазіргі таңда аудан бойынша 42 адам «Pfizer» вакцинасының І-компонентін салдырып үлгерді. Оның ішінде 15 жасөспірімдер. Осы тұста, Ломоносов және Д.Нұрпейісова атындағы жалпы орта мектебінің 11-сынып оқушыларының екпе салдыртқан ата-аналарына хабарластық. Бәрінің де аталмыш екпеге көзқарасы – оң. Олардың айтуынша, «Pfizer» вакцинасының арнайы сертификаты бар. Бұл осы уақытқа дейін ұсынылған екпелерден сенімді тірегі бар жалғыз қорғаныш құралы дейді.
- «Спутник-V» сынды бұл екпенің аясында да қаңқу сөздер көп. Ал, бұл тек мектеп оқушыларына ғана емес, жүкті әйелдерге де салынуда. Өзім де вакциналанғанмын. Жеке пікірім бойынша, ертеңін ойлайтын ел болашақ ұрпағына еш зиянын тигізбейді. Оған қоса, «Pfizer» вакцинасының сертификаты бар, яғни сенімді. Осы орайда, қызымның түрлі аурудан аулақ болып, қорған болар екпені алуына ерікті түрде келісімімді бердім,-дейді құрманғазы ауылдық округінің тұрғыны Мәншүк Амангелдіқызы.
Халқымыздың «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деген аталы сөзін өмірлік ұстанымына айналдырған ананың пікірі осындай. Ал, Дыңғызыл ауылдық округінің тұрғыны Жеделбек Сәрсенбайұлы мектеп жасындағы екі ұлына да тәжтажалға қарсы «Pfizer» екпесін қабылдапты. Олардың ағзасынан өзгеріс байқалмаған, жағдайы бірқалыпты дейді.
– Балаларымның бойында қорқатындай өзгерістер болмады. Денені қызу басу, шаршау сынды симптомдар да өткен жоқ. Жалпы, қандай да бір дерттің бетін қайтарушы екпелер құрдан-құр жасалмайды. Демек, өзінің оң тұстары көп, шипасы бар. Сондықтан, ұзақ ойланбай, ұрпағымның ертеңі үшін әлемді жайлаған індеттің алдын алуда ұлдарым «Pfizer» вакцинасын қабылдады,-дейді Жеделбек Сәрсенбайұлы.
Ол алдымен, аты да, заты да өзге вакцина туралы ізденіп, ауылда өткізілген жиналыстарға қатысып, кеңінен ақпарат алыпты. Оған қоса, алғаш қабылдағандардың арасында қарсы симптомдар болмаған соң, сенім де артып, өз қалауымен рұқсатын берген екен. Баласына екпе салуға келісім берген ата-ана медициналық мекемеге бірге бара алады немесе баланың өзін жібере алады.Соған сәйкес, ол деректер медицина қызметкерінде және сынып жетекшісінде ғана болады. Айта кетейік, жалпы ауданымызға «Pfizer» вакцинасының 150 дозасы жеткізілген болатын.
Жайдарлым Қайреден