Соңғы екі жылда ауданымыздағы бала өлімі үш есеге өскен.
Бұл туралы орталық аурухана басшысының міндетін атқарушы Светлана Уақасқызы мәлімдеді. Яғни, құрсақ көтерген әр үшінші әйелдің коронавирус жұқтырып, не дәрі-дәрмек қабылдамай, не екпе алмағанның себебінен жүктілігіне зияны тиіп, арты қайғылы жағдаймен аяқталуда. Бүгінде, уақытына жетпей босану болмас үшін сақтық шаралары жүргізілгенімен де, өлім-жітім жағдайы ара-тұра кездесуде. Эпидахуал өршіп, оның алдын алуда білікті мамандар қолдан келгенді аянбауда. Осыған орай, С.Көшекбаев атындағы мәдениет үйінде аудандық білім бөлімі және аурухана өкілдерінің қатысуымен, ата-аналарға Pfizer вакцинасы туралы түсінік жұмыстары үшін жиын өткізілді.
Екпенің жаңа түрі – кәмелет жасқа дейінгі балаларға, жүкті және босанғандар мен бала емізуші әйелдерге салынады. Ерікті түрде егілетін бұл вакцинаның 17 000 дозасы 18 қараша күні облысқа жеткізіледі. Баласына екпе салдыру-салдырмау әр ата-ананың өз еркінде. Тек қолхат түрінде себебін көрсетіп, жазып берсе болғаны. Тіпті, екпе егу кабинетіне кіріп, вакцина қорапшасының құрамымен танысып, процессті қадағалауына да рұқсат. Мұндағы бір флакон алты дозадан тұрады. 0,3 милиграм мөлшерімен алты балаға салынады. Шара барысында еркін микрофонға кезек беріліп, тұрғындар білікті мамандарға көкейдегі сұрағын қойып, жауабын алды. Сонымен қатар, екпе салынар шақта иммундауға қарсы көрсетілімдерді анықтауға арнайы балалар дәрігері тексеруден өткізсе деген ұсыныс тастады.
Айта кетейік, ағымдағы жылы мектеп жасындағы 7 бала коронавирус жұқтырған. Оның 2-уі емханада, қалғаны үй жағдайында ем қабылдапты. Ал, дәрігерлер болса, қазіргі өршіген індетпен күресуде вакцина алу керектігін айтудан шаршамайды. Кездесу соңында, ауданның бас ұстазы Гүлфара Өтемісқызы жиналған қауымға баласының денсаулығына оңды-солды қарамай, пікірімен санасып, құқығын шектемеуге шақырды.
Жайдарлым Қайреден