Отандық вакцина оң көрсеткіштерге ие

(0 Votes)

Соңғы деректерге сүйенсек, жалпы, еліміз бойынша 893 633 адам коронавирусқа қарсы вакцина салдырған. Бұдан бөлек, 26 сәуірден бастап қазақстандықтарға отандық «QazVac» вакцинасы егіле бастады.

Препараттың алғашқы 50 мың дозасы өңірлерге жеткізілді. Қазақстандық вакцина, ең алдымен, қауіпті індетпен күрестің алғы шебінде жүрген медицина қызметкерлеріне, полицейлерге, сондай-ақ мұғалімдерге салынуда. Денсаулық сақтау министрлігі «QazVac» қандай вакцина, оның жанама әсері бар ма?» деген сауалға толығырақ жауап берген болатын. «QazVac» – «өлтірілген» вирустан жасалған вакцина. Препарат коронавирус ауруының вирусы мен оған қосылған иммуностимулятордан тұрады. Одан бөлек, құрамында су және аздап тұз бар. Оны Білім және ғылым министрлігіне қарасты биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтының ғалымдары әзірледі. Вакцинаның тиімділігі клиникалық сынақтардың бірінші және екінші фазасынан кейін 96%-ды құрайды. Отандық препараттан кейін пайда болатын иммунитет мутацияға ұшыраған кез келген вирусқа төтеп бере алады»,-деді қазақстандық вакцинаны өзіне сынаған ғалымдардың бірі Лесбек Құтымбетов.                                                                            

Сонымен қатар ғалым екпе алғаннан кейін ине салған жер аздап ауырғанын, кейбір әріптестерінің терісі қызарғанын жеткізген. Басқа жанама әсері байқалмаған және 21 күннен соң қан құрамында коронавирусқа қарсы антидене пайда бола бастаған. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та бұған дейін вакцина дайындауға атсалысқан ғалымдар мен мамандарға ризашылығын білдіріп, барлық азаматқа қолжетімді болу үшін отандық екпе өндірісін ұлғайтуды тапсырды. Бұл ретте Үкімет отырысында Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой қазіргі вакциналауды ескере отырып, коронавирусқа қатысты мынадай жаңа болжаммен бөлісті. – Оптимистік сценарий бойынша вакциналау кестеге сәйкес жалғасса, бір тәулікте 3 мыңға дейін індет жұқтырған науқас тіркеліп, сәуір айының соңында шарықтау шегіне жетеді деп күтілуде. Реалистік сценарий бойынша, бір тәулікте жұқтырғандар саны 4 мыңға дейін тіркеліп, вирус мамырдың ортасында шарықтау шегіне жетуі мүмкін деген болжам бар, – деді министр.                                                   

Өзге де жоғары оқу орындарының профессор ғалымдары елімізде бұған дейін ресейлік «Спутник V» вакцинасы салынғанын және ол әлем бойынша ең сенімді вакцинаның бірі саналатынын алға тартты. Сондықтан қазір оны әлемнің 60-тан астам елі қолдануда, оның ішінде Қазақстан бар. Бірақ, жақында шығарылған «QazVac» отандық вакцинасы да қауіпсіз және тиімділігі жоғары, осы екі критерий қатаң сақталған. Өйткені ол барлық сынақтан өткен, сондықтан Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы қолдануға рұқсат беріп отыр. Ал, екпені алу немесе алмау өз еркіңізде. Бірақ, әлемдік тәжірибе мен күнделікті күрделенген ахуалды саралай отырып, шешім шығарған маңыздырақ.

 

Еркеназ Қалижан

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT