Оңалту орталығының оңды істері

(0 Votes)

Құрманғазы аудандық ауруханасының 04.03.2019жылға №43 бұйрығына сәйкес күндізгі стационардан 10 төсектік орын емделушілерді «оңалту» бағытында берілді.

10 төсектік орынның 3-і балаларға арналған. Оңалту бөлімшесі бойынша 1 дәрігер-реабилитолог, 1 дәрігер-физиотерапевт, 1 медбике, 0,5 жүктемемен логопед-дефектолог, 1 психолог жұмыс жасай бастады. Ең алдымен «реабилитация-оңалту» дегеніміз белгілі бір зақымданған мүшені қалпына келтіру дегенді білдіреді. Жалпы оңалту процесі үлкен ыждағаттылықты қажет етеді және тәжірибе көрсетіп отырғандай зақымданған аяқты не қолды қалыпқа келтіру үшін уқалау (массаж), физиотерапия, ұсақ моториканың дағдыларын қалпына келтіру қондырғысын пайдаланып,ЛФК, әртүрлі гимнастикалық жаттығулар жасауға тура келеді және жаттығулар біртіндеп сатылай,жеңілден ауырға қарай жасалатынын ескеруіміз қажет.

Жаттығу барысында үнемі пульс пен қан қысымы Пульсоксиметр аппараты арқылы қадағаланып, өкпенің оттегімен қамтылуы тексеріліп отырады. Енді бөлімшедегі қолданылатын аппараттарға тоқталар болсақ, Физиоаппаратуралар: Электрофарез, УВЧ, Дарсонвализация, Биоптрон, Ортопедиялық тренажер аппараттары, Термотерапевтикалық дербес жағымды уқалағыш саймандары қолданылады. Ал қондырғылардан:Электр жүгірмелі жолақшасы, «Швед» стенасы, Күштік тренажер, Магнитті велотренажер, Оңалтуға арналған тип 2\1 қатарлы сүйеніштер,Балалар мануалды дағдылар стендісі, Паралельді таянышты тактильді стенділер қолданыста.

Бөлімше бойынша әсіресе,инсульттан кейінгі жағдайға байланысты,балалар церебральды сал ауруларына, аяқ-қол жарақаттарынан кейінгі жағдайлар және коронавирус жағдайларынан кейін қалпына келтіруге медициналық көмек көрсетілді. Бөлімшеге қабылдау қажетті анализдер мен учаскелік дәрігердің жолдамасы және амбулаториялық жазбасы (выписка) негізінде жүреді.

Тәжірибе көрсетіп отырғандай көбіне-көп емделушілер тек уқалау(массаж) алу үшін келетін сияқты, ал дұрысында жоғарыда көрсетілген аппаратуралар мен қондырғылар арқылы дәрігердің нұсқауымен қосымша ем-домдар да жасалады және дәрігер жолдамасы, жазбасы (выписка) келген соң ем-домдар тегін жасалады, порталға тіркеледі. Былтырғы жылы, яғни 2020 жылы барлығы 250 адам емделсе,оның ішінде 149 адам ересек, 62-сі балалар.

Ағымдағы жылдың 8 айында барлығы 216 адам, оның 159 ересек адамдар болса, 57-сі балалар қажетті емдерін алды. Әр саланың өз қиындығы болатыны сияқты, оңалту бөлімшесінің де өз қиындықтары бар: жасалатын ем ұзақ мерзімге белгіленеді, бірақ оңалту бөлімшесінде болу мерзімі орташа есеппен 7-8 күн. Одан кейін ол емдер әрі қарай дәрігер нұсқаулығымен үй жағдайында жалғастырылу керек. Бұл саланы жетілдіру үшін ЛФК инструкторы қажет. Қазіргі эпидемиялық ахуалға байланысты бөлімшеде ересектермен қатар балалар да ем алуда,әрі қарай Атырау қаласына бармай-ақ сол емдерін жалғастыру үшін бөлімшені Микрополяризация «Плюс» аппаратымен жабдықтау қажеттілігі туындап отыр. Бұл аппарат балалардың нерв жүйесін емдеуге көп көмегін тигізеді. Ал бұл аппаратпен емдеу Атырау қаласында ақылы негізде жүргізіледі, ал өзімізде болса тегін ем-дом жасауға мүмкіндік болар еді.

А.Досқалиев

Дәрігер-реабилитолог

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT