Әлемді шарпыған коронавирус әр адамға ауырмаудың жолын іздеуден бөлек, Гипократ антына адал, қызметіне ұқыпты дәрігерлерге де құрметті арттырды.
Өйткені, олардың үй көрместен, жеке өмірін ысырып тастап, өзгенің өмірі үшін арпалысып, өмір мен өлім арасында жатқан әр науқастың жүрегіне үміт ұялатуы көптің қолынан келе бермес дүние. Осы ретте, індетпен бет-бет күресте тайсалмаған бейбіт күннің батырларының көзсіз еңбектеріне ыстық ықыласымды, зор алғысымды білдіруді жөн көрдім.
Мен Кіші Ганюшкин ауылының тұрғынымын. Пайғамбар жасына жетіп, ұл-қызының қызығын көріп отырған бақытты әжемін. Жер жаһанды жайлаған вирус мені де айналып өтпей қоймады. Қаңтар айында тәжтажал жұқтырып, ПТР тесті оң нәтиже берген соң аудандық жұқпалы аурулар емханасына түстім. Бастапқыда жағдайым көңіл көншітпеді. Екі өкпем қабынып, дем жетпей, ес-түссіз халде ауруханаға түстім. Маралбек Исаев атты дәрігер мені қабылдап, дереу ИВЛ аппаратына жатқызды. Сөйтсе, өкпем 28 пайыз қабынған екен. Сол сәтте, шала-шарпы жағдайда жатқан маған суымды ішсем де, киім ауыстырсам да үздіксіз қызмет еткен Бибігүл Минажева атты санитарымның маған жасаған еңбегі өзіне еселеп қайтсыншы деген көкейдегі тілегімді айтамын. Біз жасымыз үлкейген сайын бұл жақтан гөрі ана өмірге асығып тұратын әдетіміз болады ғой. Осылай өмірден баз кешкенде жанымнан табылып, алға қарай қадам басып, көрер қызығымның әлі алда екенін қайта-қайта қаперіме салып, дертпен күресуге үндеген, қолдау берген де осы ақ халаттылар. Соның ішінде, Алена Владимирқызы, Мейрамбек Мұратұлы, Қазбек Сағынбекұлына және ауруханадағы барша абзал жандарға өз алғысымды жеткізгім келеді. Олардың дәрі-дәрмегінен бөлек, бір ауыз сөзінің өзі жанымды емдегендей болды.
Қазір жағдайым жақсы. Бұл вирус енді «маған жоламаса екен» деп тілеймін де отырамын. Ел арасындағы «коронавирус жоқ» деген қаңқу сөздің далбасалығы ауру жаналқымға келгенде сендіргені рас. Басымыз ауырып, балтырымыз сыздағанда да ақ халаттыларды іздеп кетеміз. Ал дүниежүзі халықтарының үрейін ұшырып, сан мыңдаған тағдырды жалмаған осынау алапат дерттен әлемді тазарту жолында, халықтың денсаулығын сақтауда тынымсыз еңбек етіп жүрген барша дәрігерлерге басымды иемін. Мылтықсыз майдандағы жанкешті еңбектеріңізге басымды иемін. «Алғыс айту» мерекесі қарсаңында сіздерге ризашылықтан артық білдірер шарапатым да жоқ. Жауапкершілік жүгінен жаңылмай атқарған қызметтеріңізде елдің алғысын ғана арқалап, аман-есен болғайсыздар.
Рая Аменова, Кіші Ганюшкино ауылының тұрғыны