Атын естісе төбе шашты тік тұрғызар «Дельта» вирусының да облысымызға келгеніне көп бола қоймады.
Ауданымызда бұл вирус түрі тіркелмесе де, 18 атыраулық аталмыш індетті жұқтырып үлгерді. Сондықтан билік дерттің алдын алу мақсатында халықты жаппай вакцинациялауға міндеттеуде. Десе де, жанама ақпараттардың салдарынан әлеуметтік желіде түрлі мэм, слэнгтер пайда болып, екпені әзілге айналдырып та жүрген парақшаларды байқап жүрміз. Тіпті, вакцинадан кейінгі орын алып жатқан жағымсыз бейнероликтер тарап жатқанын да көрер көзден жасыру мүмкін емес. Ал мамандар мұндай жалған ақпаратқа сенбеу керектігін айтады.
Қоғамда қазір «коронавирус екпесін алу міндетті ме?», «ешкім оны мәжбүрлеп салдыра алмайды», «мәжбүрлеп салдыру адам құқығын бұзу» дегендей пікірлер көп айтылуда. Ал вакцинаны жақтаушылар керісінше, «жеке адам қалауы, яғни, вакцина салдырмауы тұтастай қоғамға қауіп төндірмеуі тиіс» дегенді айтады. Ал осы мәселенің заңдылығы қандай? Міндеттеудің құқықтық негізі неде? Әділет министрлігі міндетті вакцинацияның құқықтық негіздеріне төмендегідей түсініктеме беріпті.
Жалпы инфекциялық және паразиттік аурулардың алдын алудың бірден бір жолы – профилактикалық екпелер. Медициналық қарсы көрсетілімдері жоқ, Қазақстан Республикасы аумағында тұрақты тұратын жеке тұлғалар инфекциялық және паразиттік ауру¬ларға қарсы екпелерді алуға міндетті (Кодекстің 85-бабының 4 және 8-тармақтары), олардың қатарына КВИ-ға қарсы профилактикалық екпе де жатады (Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 24 қыркүйектегі № 612 -қаулысына сәйкес).
Осылайша, Конституцияның 31 – бабына сәйкес медициналық қарсы көрсетілімдері жоқ адамдар үшін КВИ-ға қарсы міндетті вакциналаудың құқықтық негіздері бар және бұл «Мемлекет адамның өмір сүруі мен денсаулығына қолайлы айналадағы ортаны қорғауды мақсат етіп қояды» деген конституциялық нормаға сәйкес келеді. Адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарына кепілдік беріп, ҚР Конституциясы мұндай шектеудің жол берілетін шектерін белгілей отырып, оларды шектеу мүмкіндігін жоққа шығармайды. (Конституцияның 39-бабының 1-тармағы).
Бүгінде бүкіл әлем коронавирусқа қарсы вакцинаны міндеттеуде. Бұл тізімде Қазақстан да бар. Англияда, АҚШ, Израильде "сізге екпені тегін саламыз, ал вакцина алмай, кейін ауырсаңыз, онда ем-домға кететін шығынды өзіңіз төлейсіз" дейді. Ал кей елдерде лотерея ойнатып, ұтысқа көлік тігіп, жеңілдіктер жасайды. Мұндай тәсілдің тиімді екені дәлелденді. Ал, біздің жағдайымыз мәз емес. Елімізде тұрғындардың тек 30 пайызы ғана вакцина алды. Ұжымдық иммунитетке дейін әлі қайда! Тіпті қалған адамның бәрі осы қазір келіп, екпе алса да, екінші дозаны салғанша 21 күн күту керек. Екінші дозаны алған соң ағза сонымен жұмыс істеу үшін тағы 14 күн қажет. Яғни, осының бәріне бір жарым ай уақыт кетеді. Біз екпені міндеттеу басқа елдерде нәтижелі болғанын көрген кезде, яғни, ақпан, наурыз, сәуірде-ақ осы әдісті бастағанымыз жөн еді. Әйткенмен әлі де болса уақыт, мүмкіндік бар.
Жайдарлым Қайреден