Енді ата-аналар 15 жасқа дейінгі оқушыларға салынатын мантудың қорабын көзбен көріп, тексерген соң, баласына салдыруға рұқсат ете алады.
Бұл туралы аудандық санитарлық эпидемиологиялық бөлімінің басшысы Гаухар Тоғаева мәлімдеді. Өйткені, соңғы кездері ата-аналар арасында «короновирусқа қарсы вакцинаны мектеп оқушыларына манту түрінде егіп жібереді» деген ақпарат тарауда. Тіпті, өзіміз қосылған WhatsApp желісіндегі чаттарда да осындай типтегі аудиожазбалар қаптап кетті. Белгісіз қолданушының мәліметінше, аудандағы білім ошақтарына емхана, білім бөлімінің басшылары жиі жиналыс ашып, манту мен тұмауға қарсы екпені насихаттауы күдік туғызады екен. Десе де, көптің үрейін туғызған бұл хабарлама жалған болып шықты. – Оқушыларға манту сынамасы салынатын күн алдымен ата-анаға хабарланады. Кейін, әкесі не анасы, сол білім ошағының басшылығына, сынып жетекшісіне немесе медбикеге ескертіп, егу кабинетіне кіріп, ашылатын қорапшада жазылған құрамды оқуға, тіпті балаға екпе салынып жатқанда да нақты сол сынама екеніне көз жеткізуіне болады. ҚР Конституциясына сәйкес, әр азамат екпе алуға құқылы. Соғай сай, ешбір балаға ата-ананың рұқсатынсыз вакцина салынбайтынын айтып өткім келеді. Ал, желіні жайлаған хабарламалар шындыққа сәйкес келмейді,-дейді Гаухар Тоғаева. Оған қоса, Қазақстан Республикасының егу күнтізбесінде де жасына байланысты міндетті екпелер қатарына манту сынамасы да кіреді дейді маман. Аудандық санитарлық эпидемиологиялық бөлімінің басшысы Гаухар Тоғаеваның айтуы бойынша , манту сынамасы сәби өмірге келген соң төрт күн ішінде және мектеп табалдырығын аттаған соң, жас ағзада туберкулез таяқшасының бар немесе жоқтығын анықтау үшін салынатын сынама. Ал оның, жасөспірім организміне келтірер зияны жоқ, сонымен қатар, вакцинаның құрамындағыдай ингредиенттер де кездеспейді. – Біз 15 жасқа дейінгі балаларды флюорографиялық тексерістен өткізе алмаймыз. Сондықтан, туберкулезды ерте анықтаудың диагностикасы осы екі әдіс арқылы жүзеге асады. Қарапайым сөзбен түсіндірсек, манту сынамасы салынған соң, екпе орны ісінер болса, онда міндетті түрде туберкулезге қарсы ревакцинациялану керек дегенді білдіреді,-дейді аудандық санитарлық эпидемиологиялық бөлімінің басшысы. Бүгінде аудан халқы тарапынан, манту сынамасын тәжтажалға қарсы екпемен шатастыру жағдаяттары кездесіп жатқандықтан, жауапты мамандар арқылы ата-аналарға кеңінен түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Сол себептен, Гаухар Тоғаева, тұрғындарды түрлі жұқпалы аурудың алдын-алу үшін қорқынышсыз, үрейсіз екпе салдыруға шақырды.
Жайдарлым Қайреден