ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында қызылшамен сырқаттанушылықтың күрт өсуі күн тәртібінен тыс мәселе ретінде қаралды. Иә, қызылша біздің өңірді, оның ішінде ауданымызды да айналып өткен жоқ.
Қазіргі таңда бас дәрігер Саида Зұлхашеваның мәлімдеуінше 119 адам аталмыш дертке шалдыққан. Оның 3-еуі стационарлық жағдайда (ауруханада), 116-ы амбулаторлық (үй) жағдайда ем алуда. Ауруханада жатқан 1 жүкті әйел және 2 бала қызылшаға қарсы мүлдем егіс алмаған. 1 жасқа дейінгі 2 сәби аталмыш ауруға шалдыққан, бүгінде үй жағдайында ем қабылдауда. Әрине, олар қызылшаға қарсы алғашқы екпені жасқа толғанда алатыны белгілі. Осы орайда, дәрігерлер қызылшадан қорғайтын тиімді құрал тек вакцина деп отыр. Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният хабарлағандай, елімізде қызылшаның 17 мыңнан астам жағдайы тіркелді. Олардың 82 пайыздан астамы балаларға тиесілі.
Қызылшаға қарсы вакцинаның қосымша 1,5 млн. дозасы сатып алынған. Бүгінгі күні 500 мың доза келіп түсті, желтоқсан айында 1 млн. доза жеткізіледі деп күтілуде. Ал ауданымызға 1200 доза вакцина жеткізілді. Қазіргі таңда егу жұмыстары қарқынды жүргізілуде.
Премьер-министр елімізде аурудың таралуын мүмкіндігінше тезірек тоқтату керектігін атап өтті. Үкімет басшысы вакцина алудан басқа мұндай қауіпті вируспен басқаша күресу мүмкін емес екенін атап өтті және тиісті жұмысты күшейтуді тапсырды.
«Қызылша асқынып кетсе, балалардың денсаулығына аса қауіп төндіреді. Сондықтан онымен тек денсаулық сақтау жүйесі ғана емес, бүкіл қоғам болып күресуіміз қажет. Бала денсаулығы – басты назарда болуға тиіс. Денсаулық сақтау министрлігі мен әкімдіктер вакцина алудың қажеттілігі туралы ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейту керек. Барлық әкім вакциналау мәселесін жеке бақылауда ұстап, Денсаулық сақтау министрлігімен бірге жұмысты үйлестіруі қажет» деді Әлихан Смайылов.
Аудандық инфекционист дәрігер Светлана Кеңесқызының айтуынша, қызылша тек науқас адамнан жұғады. Көбіне бұл ауруға 5 жасқа дейінгі балалар жиі шалдығады. Себебі, олардың орталық жүйке жүйесіндегі иммундауға қарсы тұратын қабілеттіліктері төмен болады. Аурудың негізгі белгілері: науқастың қызуы көтеріліп, теріде бөртпелер пайда болады, көз қызарып, тыныс ағзалары зақымданады.
— Аурудың жасырын кезеңінің екінші күнінен бастап денедегі бөртпелер науқаспен қарым- қатынаста болған адамдарға тыныс алу арқылы ауадан жұғады. Адам өмірінде қызылшамен ауырмаған болса не егілмеген жағдайда, ауруды жұқтыруы мүмкін. Қызылшаның жасырын кезеңі 7-18 күн аралығында болады. Егер иммуноглобулин алған болса, жасырын кезеңі 15-21 күнге созылуы мүмкін. Алғашқы белгілеріне келсек, науқастың қызуы көтеріліп, әлсізденіп, тамаққа тәбеті нашарлайды, мұрнынан су ағып, ащы жөтел пайда болып, көзі қызарып, қабынады. Егер осындай белгілер болса, кез келген ата-ана баласын міндетті түрде дәрігерге қаратуы керек. Бұл инфекцияның нақты емі жоқ. Дәрігерлер тек ем-шараны аурудың симптомдық белгісіне қарай береді. Негізі, әр адамның ағзасы әртүрлі. Сондықтан біреуде ауру жеңіл өтсе, кейбіреулерде ауыр болуы мүмкін. Ең дұрысы, қызылшаға қарсы вакцина алған дұрыс. Көптеген ата-ана әлі күнге дейін қызылшаның қаншалықты қауіпті екенін түсінбейді. Кейбірі жеке сеніміне қарай балаларды вацинациялаудан бас тартады. Сенімсіз фактілерге сүйенеді. Бірақ бұл ауру басқа аурулардың асқынуына апарады. Науқас балада қызылшадан мидың ісінуі, өкпенің абсцессі сияқты ауыр зардаптар пайда болып, бұл оның саңырау болып қалуына әкелуі мүмкін, - дейді ол.
Айнагүл Шакупова