Аудан әкімінің жанындағы денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі үйлестіру кеңесінде ауданда туберкулезге қарсы күрес шаралары бойынша жүргізілген облыстан келген мониторингтің топтың жұмыс қорытындылары талқыланды.
Кеңес жұмысына аудан әкімінің орынбасары Гүлнәр Хасанова және Атырау облыстық фтизиопульмонология орталығының директоры Жаңабай Сағиев жетекшілік жасап, жүру тәртібімен, сөйлейтін спикерлермен таныстырды.
Атырау облыстық фтизиопульмонология орталығының балалар бөлімшесінің меңгерушісі Марат Шуақбаев Құрманғазы ауданы бойынша 2018-2021 жылдар аралығында және ағымдағы жылдың алғашқы үш айында туберкулезге қарсы күрес шараларына сараптама жасап, өңірде өкпе дертінің ауыр эпидемиологиялық жағдайын есепке ала отырып, балаларды Манту сынамасымен, ересектерді флюорографиялық тексерістен өткізумен толық қамтамасыз етуді ұсыныс етті.
Атырау облыстық фтизиопульмонология орталығының мониторинг және бағалау тобының жетекшісі Серік Абишев аудан бойынша жүргізілген мониторингтің қорытындысын жариялап, қалыптасқан жағдайға орай химизатор медбикелерді оқыту, оларды сертификаттау, фтизиатр, фтизиопедиатр мамандарды дайындау, білімін жетілдіру мәселесін тез шешуді тапсырды. Санитарлық-ағарту жұмыстарына білім, мәдениет, ішкі істер бөлімдерін, дін өкілдерін қатыстыра отырып, тұрғындардың туберкулезбен ауру қауіпті топтармен пәрменді насихат жұмыстарын жүргізу, бұл бағытта бұқаралаық ақапарат құралдарын, әлеуметтік желілерді кеңірек пайдалану қажеттігін айтты. Сондай-ақ, аудандық орталық ауруханадағы компьютерлік томография құрылғысын толық мақсатты пайдалану, онымен жұмыс істейтін маманды табу немесе онлайн тәсілмен қашықтан кеңес алуды ұйымдастыру арқылы шешуді қаперге берді.
Атырау облысы санитарлық-эпидемиологиялық департаментінің бөлім басшысы Айсұлу Досқалиева аудандағы үстіміздегі жылдың үш айындағы туберкулездің эпидемиологиялық жағдайы, туберкулинодагностика және флюрографиялық жоспардың орындалуы, өкпе дертіне қарсы екпемен қамтылуы жайындағы кемшін тұстарға тоқталып өтті. Мәселеге орай Ақкөл, Орлы, Нұржау ауылдық округтерінің әкімдері Ә.Әбдірахман, Ж.Бектеміров, М.Мұғалім пікірлерін білдірді.
Мониторинг топтың аптаға жуық жүргізген жұмысын қорытындылаған Жаңабай Сағиев аудандағы медициналық мемелерде анықталған жағдайға орай сын-ескертпелерін атап айтып, түзету жолдарын атады. Аудандық орталық аурухана бас дәрігерінің орынбасары Светлана Хамзина орын алған кемшіліктерге орай түсінік берді.
Айбек НӘЖІМОВ