Ковидпен күрестегі тиімді жол

(0 Votes)

Әлем жұртшылығын әуреге салған коронавирус пандемиясынан құтылудың жолы – вакцина алу екені сан мәрте айтылып та, жазылып та жүр.

Қазіргі уақытта бірнеше ірі мемлекет өршіп бара жатқан инфекцияны болдырмау жолында барын салып жатыр. Біздің елімізде де ахуал айтарлықтай мəз емес. Қазақстан таяуда əлемдік эпидемиологиялық бағалау матрицасы бойынша «қызыл аймаққа» өтті. Өзіміздің Атырау облысы да біресе «сары», біресе «қызыл» аймақтарға еніп, жағдай тұрақталмай келеді. Індетке ілінгендер көрсеткішін күнбе-күн  көріп, көңіліміздің бірленер түрі жоқ. Бұл алдын алу шараларын қатаң сақтау қажеттігін аңғартады.

Әлі де карантин талаптарын сақтамау, сақтық шараларына салғырт қарау кездесуде. Вирустың мутацияланған жаңа штаммдарының белсенділігі артып келе жатқаны да көпшілікті алаңдатады. Бетперде киіп, жеке гигиена ережелерін ұстану, қоғамдық орындарда арақашықтық сақтау талаптары да көп ескеріле бермейді. Десе де індетті жеңу әрбір адамның өз қолында. Бұл вакцина алудан, қарапайым қағиданы орындаудан басталады. Сондай-ақ, салауатты өмір салтын ұстанып, иммундық ахуалды ұдайы бақылап отырудың да  тигізер пайдасы мол.

Коронавирус әлемнің 163 миллионнан астам халқына жұғып, оның 3 миллионнан астамы көз жұмды. Көзге көрінбейтін, қолға ұсталмайтын вирусты тоқтатудың бір-ақ жолы вакциналау деп білген әлем елдері жаппай екпе алуға көшті. Кейбір дереккөздер бойынша, 100-ден аса елдің 1,2 миллиард тұрғыны коронавирусқа қарсы екпе салдырды. Жер-жаһандағы елдердің ара­сында вакциналауды сәтті жүргізген елдің бірі – Израиль. Олар коронавирусқа қарсы екпені ересектерге салуды толық аяқтап, енді 12 жастан асқан жасөспірімдерге еге бастады. Израильде вакцина салдырғандарға арнайы төлқұжат беріледі. Онсыз сауда орындарына, жұмысқа және тағы басқа қоғамдық жерлерге бара алмайды. Жалпы израилдіктердің 60 пайызы вакциналанды. Жапония 36 миллионға жуық 65 жастан асқан тұрғындарға екпе жүргізуді бастап кетті. Егде жастағы тұрғын­дардың көптігіне байланысты вак­циналау орталықтары ауруха­наларда, сондай-ақ қоғамдық орындар мен стадиондарда да ашылды.

Коронавирустан көп жапа шеккен Үндістан вакциналауды қарқынды жүргізуге көшті. Тіпті, 85 күнде 100 миллион доза вакцина салынып, әлемде рекорд орнатты. Салыстыру үшін айта кетейік, америкалықтар мұндай көрсеткішке 89 күнде, ал қытайлықтар 102 күн ішінде қол жеткізген еді. Үндістан билігі бұл қарқынды әлі де арттырмақ. Елде вакциналау фестивалі өтіп жатыр. Шараның мақсаты – халықты коронавирусқа қарсы вакцина алуға ынталандыру болып отыр.

Жаппай екпе егу науқаны Египетте де қолға алынып, қытайлық Sinopharm компаниясының вакцинасы салы­нып жатыр. Екпені алғашқы болып медицина қызметкерлері қабылдады. Кейін қарт кісілер мен созылмалы ауруы бар тұрғындарға егіледі. Ереже бойынша арада 21 күн өткеннен кейін препараттың екінші дозасы салынады. Мысыр билігі алдағы уақытта AstraZeneca, Pfizer мен BioNTech вакцинасын да қолданбақ ойда.

Германия астанасында коро­на­вирусқа қарсы вакцина сал­дырған тұрғындар музейлерге, галереяларға, сән салондары мен дүкендерге емін-еркін бара алады. Қазір елде мәдени шараларға және азық-түлік сатпайтын дүкендерге кіру үшін тұрғындардың қолында вирусты жұқтырмағаны туралы тест анықтамасы болуы тиіс. Бұл талап дүкендерге адамдардың келуін тежеп, саудаға кері әсерін тигізгені айтылады. Алайда, немістер үшін ұлт саулығы басты кезекте тұрады. Ел тұрғындары Еуроодақта бекітілген екпелердің бірін салдыруы тиіс. Германияда учаскелік дәрігерлер мен вакциналау орталығының қыз­меткерлері бір күнде 1 миллион адамға екпе салды. Қазіргі уақытта елде вакцинаның бірінші дозасын 21 миллион адам, екінші дозасын 6 миллион тұр­ғын алғандығы айтылады. Францияда алдымен 70 жастан, сосын 65 жастан асқан тұрғындар вакциналанды. Бүгінде 50-55 жас­тан асқан француздар екпе алуда. АҚШ басшылығы 4 шілдеде атап өтілетін Тәуелсіздік күніне орай елдің ересек тұрғындарының 70%-ін COVID-19-ға қарсы егуге ниетті. Ұлыбритания билігі күзге қарай 50 жастан асқан азаматтарға қыста аурудың көбеюіне жол бермеу үшін үшінші Сovid-19 вакцинациясын енгізуді ұсынады. Қазір бұл елде вакциналардың екі нұсқасы сынақтан өткізілуде.

А.НӘЖІМОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT