Үйден шықпасаңыз жұқпайды

(0 Votes)

Коронавирусқа жәй ғана жеңіл ауру деп қарасаңыз қателесесіз, бұл – індет.

Сақтық шараларын кеш алған Италияда оған күніне мыңдаған адам шалдығып, бүгінде 700-ге жуығы өлген. Қазір бұл елдің үкіметі әрбір көшеге полиция қойған. Себебі бір адам жалпақ жұртқа жұқтырып орны толмас қайғыға қалдыруда. Адамдар қайтыс болған туыстарын жерлеуге бара алмауда. Аттап шықса індет күтіп тұр. Себебі олар басында, ауру саны аз кезде айтқанды тыңдамай, сенбей, көшеде жүріп жұқтырғандарын білмей қалды. Көбейіп кеткенде оларды жатқызатын орын болмай тез тарап кеткен. Қазір онда жағдай қиын, дәрігерлер жетіспей, олардың өздеріне де жұғып, тыныс алу апараттары тапшылық етуде.

Бізде де одан сақтанудың жалғыз жолы өз үйіңізде отыру. Бұл тез таралатын жұқпалы ауру. Жаппай жұға бастаса емдейтін дәрігер, жататын орын, керек жағдайда жасанды жолмен тыныс алуға көмектесетін аппарат жетпей қалуы мүмкін. Бір ай үйден шықпасақ коронавирус таралмайды. Вирус ауада ұзақ тіршілік ете алмайды. Өмір сүруі үшін біреуге жұғуы қажет. Жұққан адамның ағзасында, әсіресе тыныс алу жолдарында тез көбейеді. Қытай адамдарды күштеп көшеге шығармау, ауру жұққандарды оқшаулау арқылы бұл індетті тез жеңді. Біз де сөйтуіміз қажет. Төтенше жағдай талабын орындап, бір ай шыдасақ тарамағандықтан өздігінен жойылады. Үйіңде отыру қиын емес нәрсе. Араларымызда «Алланың жазғанын көрерміз», дейтіндер бар. Құдай да «Сақтансаң сақтармын», деп текке айтпаған. Сонда сіз үшін жаныңыздағы жақын адамдар, бауырларыңыз, отбасыңыз қымбат емес пе? Оларды неге ойламайсыз? Сіз коронавирус алып келеді деп күтпегендіктен ертең олар қапыда қалады. Әлде бейбіт күнде көзге көрінбес жаудың уысына түсіп, ажалмен арпалысқаны жақсы ма? Одан аман қалса жақсы. Бүгін бізде таңдау бар. Ертең тым кеш болуы мүмкін. Ақылға салып, сабырға келіп үйде отырыңыз. Үкімет те, дәрігер де қолынан келгенін жасап жатыр. Жаппай таралса сізге ешкім көмектесе алмайды. Әлеуметтік желіден, ақпарат көздерінен көріп отырсыз,біраз мамандық иелері бастарын қатерге тігіп ұйқысыз, күлкісіз жұмыста жүр. Бәрінің де отбасы, баласы, ата-аналары бар. Күні кеше ғана дәрігерлер: «Мен сіз үшін жұмыста қалдым, Сіз мен үшін үйде отырыңыз», деген челлендж жасады. Үйден шықпағанымыз оларды қолдағанымыз. Ауданымыздың медицина саласының қызметкерлері де қазір қауырт жұмыс үстінде. Індеттің таралмауы үшін қолдан келген шаралардың барлығы алынуда.

Қазақстан тез қимылдап барлық тиісті шараны қолға алды. Қалғаны өзіміздің қолымызда. Біз саналы азаматтар ретінде бір-бірімізге көмектесуіміз керек. Көмегіміз -үйде отыру, барлық артық жүрісті тоқтату. Бірлессек ғана бұл сыннан аман шығамыз. Бүгінгі күннің басты талабы – халықты індеттен аман сақтап қалу. «Халық» деген сіз бен біз. Ендеше бірігіп сақтық шараларына атсалысайық.

Сағидолла Кулов,

медицина саласының ардагері

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521