Атырау облыстық өңірлік коммуникациялар қызметі арқылы ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният облыс әкімінің орынбасары Қайрат Нұрлыбаев, облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Мәдениет Танауов, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдуалиев пен аудан және қала емханалары мен аурухана басшылары қатысуымен онлайн формата коронавирус инфекциясына қарсы республикалық штабтың отырысын өткізді.
Жиында облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы А.Байдуалиев аймақтағы эпидемиологиялық ахуал туралы баяндады. – Облысымыз республиканың өзге өңірлері сияқты 11 қаңтардан бастап «қызыл» аймаққа енді. Соңғы аптада аурудың 29 пайызға өскені байқалады. Орташа есеппен тәулігіне 500-ден астам коронавирустық инфекция жұқтырған жағдай тіркелуде. Ауырғандардың саны артуына байланысты 13 қаңтардан бастап облыс бойынша резервтен қосымша 1780 төсек-орын бөлінді. Өңірдегі инфекциялық төсек-орынның жалпы саны 2360-қа жетті, оның ішінде 106 жансақтау бөлімі. Бүгінгі күні инфекциялық стационарда 801 науқас емделуде, жүктеме 33,9% құрайды. Жансақтау бөлімінде 11,3%. Өткен жылмен салыстырғанда қазіргі уақытта медициналық ұйымдардың материалдық-техникалық базасы айтарлықтай нығайтылды. Барлық емдеу мекемелерінде өткен жылы жиынтықталған жеке қорғаныс құралдарының және дәрілік заттардың 2 айлық қоры бар. Дәрілік заттардың 42 атауы бойынша тұрақтандыру қоры қалыптастырылды, - деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы.
Брифинг барысында белгілі болғанындай, бүгінде облыста 3443 адам амбулаторлық бақылауда тұр. Кейінгі деректер бойынша науқастардың саны 45 есе көбейген. Үй жағдайында ем қабылдап жатқан науқастарды 129 мобильді бригада бақылап, дәрігерлік қызметтерін көрсетуде. Нақтылай кетсек, Атырау қаласында 54, аудандарда 75 мобильді бригада бар. Резервтік мобильді бригада саны - 50. Дейтұрғанмен, соңғы аптада жедел медициналық жәрдемді шақырту 3,9%-ға төмендегені байқалады.
Жиын соңында ҚР Денсаулық сақтау министрі А.Ғиният мемлекет барлық бағыт бойынша қолдау көрсетуге дайын екенін айтып, инфекцияның жұқтыру қаупі жоғары Теңіз кен орнында санитариялық талаптарды күшейту, халық арасында вакцина және ревакцинация жөнінде түсінік жұмыстарын пәрменді жүргізу, өңірдегі дәрігер мамандардың тапшылығын өз кадрларын оқыту арқылы толықтыру және басқа да өзекті мәселелерді шешу бойынша жұмыстарды күшейту қажет екенін назарға берді. Сонымен бірге, амбулаторлық ем алып жүрген науқастарға емхана тарапынан мониторингті күшейтуді тапсырды. Мәселеге орай қорытынды сөз сөйлеген облыс әкімінің орынбасары Қ.Нұрлыбаев өңірдегі ахуалды тұрақтандыру мақсатында әкімшілік тарапынан қолдау көрсететінін айтты.
Бүгінгі күні облыс бойынша вакцинаның І компонентін 262 250 (71%), ІІ компонентін 245 198 (66%) тұрғын алды. 16560 тұрғын ревакцинацияланды. Ревакцинациялау «Verocell», «QazVak», «Комирнати» екпесімен жүргізілуде.
Брифинг мәліметтері бойынша баспаға әзірлеген Айбек НӘЖІМОВ