Індет салғырттықты көтермейді

(0 Votes)

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мамандары коронавирус инфекциясына шалдыққандар санының күннен-күнге артып отырғанын айтып, рекордтық көрсеткіштерді тіркеуде. Ең жоғары көрсеткіш Америкаға тиесілі болса, Еуропа да қалыспай келеді.

Бірқатар елдер шекараларын қайта жабуға мәжбүр болуда. Бір тәулікте 5514 өмірді жалмаған коронавирус кестесінде көршілес Ресей төртінші орынға шықса, қатаң тәртіп пен бетперде режимін сақтаған Қытай жұқтырғандар саны бойынша алғашқы ондықтан шықты.

Ал, көрші Ресей мен басқа елдерде керісінше өршіп, әбігерге салуда. Мұндай жағдай бізде жаз айларында болып, қаншама жұрт қара жамылған еді.

Біздің елде қазір жағдай тұрақты. Десек те, төтенше жағдай алынғанымен, карантин қалды, ол тек жеңілдетілді. Сондықтан, көшеде немесе қоғамдық орындарда босаңсып, сақтықты ұмытқандарға «байқаңыз» демекпіз.

Шындығында, төтенше жағдай алынғалы бері дүкендерде, сауда үйлерінде және сол сияқты халық көп жиылатын орындарда гигиеналық талаптардың толық сақтамай, елдің жайбарақаттана бастағаны байқалады. Дәріханаға кірсеңіз де бетперде алуға кезекте тұрған елді байқамайсыз.

Аймақта гигиеналық талаптар білім ошақтарында ғана сақталуда ма деп ойлайсыз, кейде. Өйткені, мектеп оқушылары мен студенттер қашықтан білім алып жатса, бастауыштар мен балабақшаларда кезекші сыныптар жұмыс істеп тұр. Оның өзінде бала саны 15 оқушыға дейін шектелген. Ата-аналар мектепке кірмейді, сабақ барасында карантин талаптары сақталуда. Ал, қызметкерлердің денсаулық жағдайы таңертең тексеріліп кіргізілуде.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев коронавирустың екінші толқынына қатысты жиында сөйлеген сөзінде алғашқы кезеңде жіберілген қателіктерді талдауға уақыт жеткілікті болғанын, эпидемияға қарсы күрес кезінде біраз тәжірибе жинақталғанын, оны мейлінше пайдалану қажеттігін айтты. – Баршаңызға белгілі, қазір көптешген елде санитарлық ахуал күрделеніп барады. Бұл коронавирус індеті қайта өршиді деген сөз. Біз бұған дайын болуымыз керек. Індетке қарсы күрес үшін қажетті шаралардың барлығы қабылданған. Ең бастысы тәжірибе бар. Осы кезеңде денсаулық сақтау саласын нығайту үшін ауқымды жұмыс атқарылды. Азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғау жөніндегі ұлттық жоспар жүзеге асырылуда. Жергілікті жерлерде жедел штабтар құрылып, жұмыс істеуде. Бұшл штабтар іс-қимыл шараларын орталыққа жалтақтамай, өздері қабылдай алады. Құзырлы органдардың барлығы індетпен күреске дайын, - деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.

Еліміздің денсаулық сақтау министрлігі егер санитарлық нормалар дұрыс сақталмаса, қатаң түрдегі карантинге қайтып оралатынымызды ескертті. Ал, жағасы жайлауда жүрген ел мұның бәрін ұмытқан сыңайлы. Бұлай босаңсуға болмайтынын тағы да еске салғымыз келеді. Өйткені, осындай салғырттықтың кесірінен қаншама жақындарымыздан айырылдық. Өткен тәулікте елімізде коронавирус инфекциясын жұқтырған 74 жағдай тіркелсе, оның 8-і Атырау облысынан. Індеттің жұғу жағдайы күннен-күнге артуда. «Сақтансаң – сақтайды» деген ұлағатты сөзді санамызда қайта жаңғыртып, карантин талаптарын мұқият сақтайық. Отбасымыз бен жақындарымыздың және өз өміріміз – өз қолымызда. Індет босаңсуды көтермейді. Жайбарақаттық жарға жықпасын...

А.Шакупова

Сурет ашық дереккөзден

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521