Індет салғырттықты көтермейді

(0 Votes)

Елде індет. Ал, біз әлі жайбарақат жүрміз. Халық карантин талаптарына салғырт қарағандықтан, Атырау облысы қайтадан «қызыл аймаққа» өтті.

Күнде бір науқас тіркеліп, төмендеген көрсеткіш қайта көтерілуде. Көзіміз мұндай статистикаға әбден үйренгені сонша, мән беріп те қарамаймыз. Қоғамдық орында бетпердесін иек астына түсірген, жайбарақат жақынымен қол ұстасып,беттен сүйісіп амандасып жүрген бір адамды көресіз. Бала-шағасын қыдыртып жүрген отбасы да көп.

Аудандағы ахуал туралы аудандық жұқпалы аурулар ауруханасының аға медбикесі Света Түсалиеваны сөзге тарттық. Оның сөзінше, пандемия белең алып жатса да, тұрғындар өз саулығына бей-жай қарауынан індет қайта бас көтеріп тұр. Көктемде адам иммунитетінің де әлсірейтіні белгілі. Ал бұл организмнің ауру жұқтыруға бейімділігін арттырады. Сол себептен, аға медбике жұмыр бастыларға дұрыс тамақтанып, қажетті дәруменді уақытылы  қабылдауға кеңес береді. Бірде жасыл, бірде сары деңгейдегі көрсеткіштің қызыл түске боялуы  жағдайдың аса маңызды әрі қауіпті екендігін білдіреді. Сондықтан, бетімізден  бетпердені түсірмей, сөмкемізде  қосымша бетперде және антисептик болуы қажеттігін ескертеді. Қоғамдық орында көптеп жиналудан, той-томалақ,садақаға барудан бас тартуды әлі де жалғастыруымыз қажет. 

Аға медбикенің мәлімдеуінше, ауданымызда тәжтажалдың екінші толқыны өткен жылдың желтоқсан айынан бастап белең алған. Қазіргі таңда аудандық стационарда бес науқас тіркелген.Пандемияның ІІ толқыны басталғалы бері 142 адам емделіп шыққан. –«Емханаға түскен науқастардың бастапқыда қызуы көтеріліп, кеудесін жөтел қысып, денесін әлсіздік басты. Кейін рентгенге түсіріліп, сол арқылы инфекциялық ауруханаға жатқызылды.  Қазір олардың жағдайы орташа»,-дейді аға медбике. Ауру жұқтырған екі адам облыстық ауруханаға жіберілуде.  Адам өздігінен  қауіптің алдын алуы тиіс. Маман үй асханасынан сорпаны көп ішкен дұрыс дейді. Ал, індеттің негізгі алдын алу күші – Спутник  V вакцинасы.  Бұл екпе түрінің айналасында да алып-қашпа әңгімелер көп. Дәрігер бұған сенбеу керектігін айтады. Өйткені, денсаулық - Жаратқаннан берілген аманат. Аманатқа қиянат жасамау туралы Бас мүфтидің де айтып жатқан ескертпелерін ескеру керек. Дер кезінде індеттің бетін қайтару әр қазақстандық үшін үлкен жетістік болмақ. Айта кетейік, ауданымызда Спутник  V вакцинасын осы уақытқа дейін 300-ден астам адам салдырып үлгерді.

Жайдарлым Еркебұланқызы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521