Вакцинация – вирустың таралуын азайтудың жалғыз жолы. Былайша айтқанда, денсаулықты нығайту жолдарының бірі және оның белгілі ауруға төтеп беру мүмкіндігін көрсетеді.
Көп жағдайда екпе алудың пайдасы зор. Өзімізді қорғасақ, бірігіп денсаулықты нығайту үшін өз үлесімізді қоссақ, вакцинация маңызы мен пайдасын ұғынсақ, инфекциялық ауруханаға ауыр халде баратын жағдайларды болдырмаймыз.
Екпені алу-алмау – әркімнің өз еркі. Бәріміз айтып отырған, әлі де зерттеліп жатқан коронавирус індетіне қарсы вакцина – жаңа. Оның қандай оң әсер әкелетінін әзірге мен де айта алмаймын. Бірақ нақты білетінім – ол дертпен ауырып қалған жағдайда аурудың ауырлығын төмендететіні анық. Вирус жайлап басталған кезде ағзаңыз оған қарсы тұруға дайын болады, оған күмәнім жоқ. Көріп отырғанымыздай, әлем ғалымдары, еліміздің білікті мамандары вакцина жасауда, оны зерттеуде көп күш пен білімін салды. Вакцина бірнеше кезеңдік зертханалық тексерістен өтті. Қорқыныш болатыны – түсінікті жағдай. Адам баласы болғандықтан бейтаныс бір заттарға, қоршаған ортада болып жатқан құбылысқа осылай жатырқай қарау жаратылысымызда бар. Екпе жайында толық мәліметті кез келген азаматтың біле бермейтіні рас. Медицина саласының мамандары вакцинацияны – өмірдегі ең сенімді қорғаныс деп атайды екен. Байыбына бармай жатып, екпе салдырмаймын деп байбалам салып жатқандар жетерлік. Бірақ денсаулығымызды ойласақ, бұл сезімді артта қалдыру керек.
Әлемді дүрліктірген пандемиядан еліміз де аз зардап шеккен жоқ. Бір жылдың ішінде қаншама отбасы қара жамылып, арыстай азаматтарымыздан айырылдық. Бұған дейін де халық арасында қауіпті әрі жұқпалы аурудың неше түрлісі тарағаны тарихқа аян. Дегенмен, ғалымдар оған қарсы препараттарды ойлап тауып келеді. Ендеше, медицина саласы дамыған бүгінгі күні де адамзат кез келген дертпен күрес жолын табуға қауқарлы. Қазір әлемдік қауымдастық тәжвируспен күреске де барын салуда. Мемлекеттің басты байлығы – адам десек, дені сау адам ғана ел қазынасы, ұлт болашағы бола алатыны белгілі. Олай болса, «ғасыр тажалымен» күресу бір ғана ақ халатты абзал жандардың ісі емес, бұл бүкіл әлем жұртшылығының жұмыла істейтін ісі екені белгілі. Ал, «сақтансаң, сақтаймын» дегендей, қарапайым тұрғын үшін ең бастысы осындай қауіпті індеттің бар екенін естен шығармау. Ауызбіршілігіміздің арқасында бұл сыннан да сүрінбей өтеміз деген сенімдемін.
Балғаным Хасенова,
Құрманғазы ауданының Құрметті азаматы