COVID-19 індетін ауыздықтаудың бірден-бір жолы – вакцина салдыру.
Әлемде вакцинация қарқынды түрде жүргізілуде. Елімізде екпе алғандардың қатары күн сайын көбейіп келеді. Десе де, халық медицина мамандарына қарағанда желіде желдей ескен қауесетке сенгіш. Індет дес бермей тұрған тұста жұртшылыққа шынайы ақпарат тарату күн тәртібінен түспеуі қажет. Осыған орай, түсіндіру жұмыстарын жүргізу бағытында ауданда құрылған мониторингтік топ мүшелері Абай, Ломоносов мектептерінің педагогикалық ұжымымен кездесіп, жаппай вакцинациялаудың маңыздылығын алға тартты. Жалпы, қазіргі таңда екпе ала отырып, әр адам қоғамдық денсаулықты сақтауға және нығайтуға үлкен үлесін қосады. Аудандық орталық аурухананың директоры Гүлсара Мутиева вакцина адам ағзасына қалай әсер ететіндігін, «Спутник V» вакцинасының құрамы мен тиімділігін жан-жақты айтып өтті.
-Әлемдегі COVID-19 жұқпасы бойынша эпидемиологиялық ахуал әр елде әртүрлі. Кей елдерде жағдай күннен-күнге күрделене түссе, басқа мемлекеттер шектеу талаптарын алып тастауды талқылап жатыр. Мәселен, Бразилия билігі карантин талаптарын жеңілдете бастады. Бүгінгі таңда бұл елдің 27 аймағының 18-інде жаңадан вирус жұқтырғандардың айтарлықтай төмендегені байқалады, ал өлім-жітім көрсеткіші 20 пайызға азайған. Ал, Израиль мемлекеті маусымнан бастап барлық шектеулерді алып тастауда. Өйткені, халықтың 60 пайызға жуығы вакцинаны қабылдап, қалыпты өмірге көшуде. Көзі ашық, көкірегі ояу әрбір саналы азамат өзінің қоғам алдындағы жауапкершілігін сезініп, вакцина салдырсақ, індетті жеңетініміз анық, - деген аудандық санитарлық эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Карл Отаров карантин шектеулерінен құтылған өзге елдерді үлгі етті.
А.Шакупова