Әлемдік вирусолог мамандармен бір жылдың ішінде коронавирусқа қарсы 230-дан астам вакцина жасалды. Осылардың ішінде әзірге Қазақстан азаматтарына «QazVaс», «Спутник V», «Hayat-Vax» сияқты үш түрлі вакцина қолжетімді.
Қазақстанда коронавирусқа қарсы вакцинациялау науқаны ақпан айында басталғанымен халық арасында оны салдыру және салдырмау сияқты екіұдай пікірлер қалмай келеді. Екпе алудың баяу қарқынмен жүруінің негізгі себептері оған деген көзқарастың бұрмалануымен, әлеуметтік желілерде вакцинация туралы қорқынышты оқиғалардың жаппай таралуымен түсіндіруге болады. Бірі екпе алған жерге магнит жабысқанын көрсетіп «сұйық дәрі арқылы денеге микрочип енгізілді» деп адам сенгісіз «жаңалық» ашса, енді бірі денесінің белгісіз бөртпе жара алып кеткенін айтып әлек. Бұл қарапайым халықтың өте-мөте сауаттылығы ма, әлде әр нәрсеге сенгіш қараңғылығын көрсете ме?! Меніңше, ел ішін алатайдай бүлдіретін әлгіндей білгішсымақтардың мұндай әрекеттеріне тосқауыл қойылуы тиіс. Ел болып екпе алып, жаман індеттен құтылудың орнына керітартпалардың кесірінен вакциналау барысы баяу жүруде. Жалпы, мамандардың айтуы бойынша вакцина шығару және оларды тексеру ұзақ жылдарға созылатын процесс. Бірақ, коронавирустық инфекцияның таралу деңгей бүкіләлемдік масштабқа дейін белең алуы оны күтіп отыруға мүмкіндік бермейтінін көрсетті. Сөйтіп, жаман індеттің тез таралуына байланысты вакциналарды тіркеу және клиникалық сынақтан өткізу көп елде жедел қолға алынды. Бұл коронавирус вакцинасына деген сенімсіздік тудырғанымен аурудан қорғанудың бірден-бір жолы деп танылды. Осылай бола тұрса да көптеген адамдар түрлі себептерін келтіріп екпе ектіртуден қашқақтайды.
Кейінгі уақыттарда екпенің түрлі созылмалы аурумен ауратын сырқаттарға да оң әсері бары айтылып жүр. Бұл турасында «Генетика және физиология институты» РМК бас директоры, профессор Лейла Болатқызы Жансүгірова «Azattyq Rýhy» ақпараттық агенттігіне берген сұхбатында төмендегідей мәліметерді қаперге береді. «Мен аллергиясы немесе қант диабеті, гипертония, созылмалы бронхит, бронх демікпесі бар көптеген адамның вакцинациядан қорқатынын білемін. Бірақ дәл осындай аурулары бар тұрғындар мен қарт адамдар қайта вакцинаны қорықпай салдыруы қажет. Өйткені дәл осы санаттағы адамдарда COVID-19 күрделі жағдай тудыруы, тіпті өлімге әкелуі мүмкін. Созылмалы аурулары бар тұрғындарға белсенді емес вакцина салуды ұсынамын. Мәселен, олар – Қазақстанда қолжетімді Hayat-Vax және QazVac вакциналары. Олардың әсері «Спутник V»-ға қарағанда жеңіл. Белсенді емес вакциналарды қолданған кезде жасушалық иммунитетке арналған жад өте жақсы болады», - дейді маман.
Сондай-ақ, отандық сарапшылар өкпенің обструктивті дертімен, қант диабетімен ауратындар да бірінші кезекте вакцина салдыруы қажет дегенді алға тартады. Тек екпе кесел өршіп тұрған кезеңде жасалмайды. Мамандардың сөзінше, коронавирусқа қарсы вакцина ВИЧ-инфекциясын жұқтырғандар үшін де қауіпсіз, бұл дертке шалдыққандар арасында да препараттарды жақсы қабылдағандар жетерлік көрінеді.
А.НӘЖІМОВ