Туберкулез - жұқпалы дерт, ол ауру адамнан сау адамға ауа арқылы жұғады, себебі өкпе туберкулезімен ауратын науқас жөтелу, түшкіру, сөйлесу кезінде қоршаған ортаға туберкулез таяқшаларын бөледі.
2 – 3 аптаға созылған жөтел, кеуде сарайының шаншуы, тунгі тершеңдік, дене қызуының ұзақ уақыт болуы, тез шаршау, салмақ жоғалту, әлсіздік - туберкулездің алғашқы, бастамадағы белгілері болып табылады.
Ауданымызда өкпе туберкулезімен алғашқы сырқаттану, туберкулездің аурушаңдық және таралу көрсеткіштері республикалық, облыстық көрсеткіштерден әлде қайда жоғарғы деңгейде қалыптасқан. Ауданымызда өкпе туберкулезінің балалар мен жасөспірімдердің арасында өсуі, олардың туберкулездің ашық жұқпалы түрімен ауруы, асқынып өкпе тінінің ыдырап – тесілуі, туберкулез менингитіне шалдығуы орын алып отыр. Балаларды туберкулезден қорғаудың алғы шарты, туберкулезге қарсы иммунитет қалыптастыратын БЦЖ екпесі ( вакцина ) болса, одан былтырғы жылы 47 бала турлі себептермен бас тартқан ( 2020 жылы – 46 бала ). Ата – аналармен түсінік жұмыстары оң нәтижесіз. Баланың ағзасында туберкулез инфекциясын анықтайтын Манту сынамасына да ата – аналар қарсылық танытуда. 2021 жылы қыркүйек айында 1 сыныптағы 1069 оқушының 307 - сі ( 29 % ) сынамадан бас тартты. Әртүрлі ақпараттық басылымдардағы, әлеуметтік желілердегі екпеге қарсы теріс, шындыққа жанаспайтын жазбалар ата – аналарға кері әсер етуде.
Балалар ағзасының туберкулез дертіне шалдыққанын ( инфицирование ) анықтау тек қана Манту сынамасы арқылы анықталатынын, оларды 15 – жасқа дейін жылма – жыл рентген сәулесімен зерттеуге болмайтындығын, Манту сынамасы екпе ( вакцина ) емес, ол диагнотикалық тест екендігін тағы да ата - аналардың қаперіне бергім келеді. Сондықтан, өңірімізде туберкулез инфекциясының кең тарап, жоғарғы деңгейде қалыптасу ахуалына байланысты, балалардың жылма – жыл Манту сынамасына тексеріліп тұрғаны абзал. Манту сынамасы оң нәтиже анықталған балаларға, қосымша зерттеулерден соң, туберкулездің алдын алу үшін химиопрофилактикалық ем тағайындалады, ол болашақта баланың туберкулез дертіне шалдықпауына зор әсерін тигізеді. Фтизиатр маманның жете түсіндіруіне қарамастан, балаға тағайындалған туберкулездің алдын – алу емінен ата – анасының бас тартып, соның салдарынан жылдар өткен соң баланың өкпе туберкулезіне шалдығып, туберкулез менингитіне дейін асқыну фактілері орын алуда.
Дана халқымыз «ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде » деп айтқан болса, өскелен ұрпақ ты туберкулезден қорғау үшін, балаларды аурудың алдын алу екпелерімен толықтай қамтып, заманауи диагностикалау тәсілдерін уақытында қолданып, олардың санасына салауаттылықты, тазалықты, жас кезден шымыр, спортқа, дене шынықтыруға бейімділікті қалыптастыру барша қоғамның ортақ міндеті болып саналады .
Озат Ахметкалиев,
жоғарғы санатты дәрігер фтизиатр – фтизиопедиатр