Балаларды қорғау – міндет

(0 Votes)

Вирустың мутацияға ұшырауы салдарынан балалар арасында ауыру дерегі көбейді.

Бұған, әрине, мемлекет бейжай қарай алмайды. Сол себепті 12 жастан асқан балаларға вакцина салу жөнінде жазда айтылған болатын.

– Дельта штамының таралуына, вирустың үнемі мутациялануына байланысты қазір балалар жиі ауыра бастады. Қазір біздің алдымызда тұрған міндет – ересектерді ғана емес, балаларды да қорғау. Әрине, балаларды вакцинациялау ата-аналардың рұқсатымен ғана жүргізіледі, – деді Денсаулық сақтау министрлігінің Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрағасы Айжан Есмағамбетова.

Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой балаларға вакцина паспорты берілмейтінін айтты. Министрдің айтуынша, балалардың екпе алғаны туралы арнайы екпе кітапшасында тіркелетін болады. Қазіргі таңда Қазақстанға Pfizer-дің 645 мың дозасы жеткізілген және алдағы уақытта тағы әкелінбек. Ресми мәліметтерге сәйкес, елімізде 35 мыңға жуық азамат америкалық екпені салдырған. Оның 26 мыңы 12 жастан асқан балалар болса, 9 мыңы жүкті және бала емізетін әйелдер. Министр бұл көрсеткіштің әлі де аз екенін айтады. «Вакцина салдырған балалардың ата-аналары вакцина паспортының берілмейтініне алаңдауы орынды. Алайда, біз Pfizer вакцинасын салдырғандардың бәрін арнайы екпе кітапшасына тіркейтін боламыз. Әр баланың жеке кітапшасы болады. Мысалы, туғаннан бері алынған екпелер жазылған тізімге вакцина салдырғандығы да тіркелетін болады» - дейді Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой.

— Балаларды вакциналау олардың ата-аналары мен заңды өкілдерінің рұқсатымен ғана, яғни ерікті түрде жүргізіледі. Екпе алудан бас тартқан жағдайда ешқандай қудалау болмайды. Бұл заңда көрсетілген, — дейді дәрігер мамандар.

Сондай-ақ, бала вакцина алған кезде қалауы бойынша ата-аналардың қатысуға құқы бар. Бұл вакцина -90 С пен -60 С аралығындағы температурада сақталады. Ал ерітілгеннен кейін 31 күнге дейін сақтауға болады. Аяғы ауыр әйелдерді жүктіліктің 16-37 апталығы арасында ғана егуге рұқсат беріледі. Ал босанғаннан кейін, 42 күнге дейін вакцина алуға болмайды. Мамандар вакцина алудың тиімді жақтарын да атап кетті. Бұлар — коронавирус инфекциясын жұқтырған жағдайда, аурудың жеңіл өтетіні «ұжымдық иммунитет» қалыптастыруға әсері, т.б. Жалпы, дәрігерлердің айтуынша, бүгінгі күні коронавирус инфекциясын, яғни пандемияны тоқтатудың жолы — вакциналау, сонымен қатар жиі саяхаттамай, мүмкіндігінше оқшаулануға тырысу және санитарлық талаптарды қатаң сақтау болып отыр.

 

Айнагүл Шакупова

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521