Атырауда облыстық жұқпалы аурулар стационарының емделушілері модульдік ауруханаға ауыстырылуда ҚР аумағында коронавирус инфекциясының пайда болуы мен таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның және Атырау облысы әкімдігінің бастамасымен Атырау қаласында 200 керуеттік жаңа модульді аурухана салынып, іске қосылды.
Және модульдік ауруханада тәулігіне 3 мыңға дейін тест жасауға мүмкіндік беретін ПТР-зертхана ашылды, деп хабарлайды Атырау облысының Денсаулық сақтау басқармасы.
Бүгін облыс әкімнің орынбасары Бақытгүл Хаменова жаңа модульдік ауруханаға барып, науқастарды ауыстыруға дайындық барысымен танысты.
200 орындық жаңа модульдік аурухана жұқпалы ауруларды емдеу үшін арнайы жобаланған. Қала маңындағы Сарыөзек кентінде (Қара өзек ауданы) салынған аурухана 180 стационарлық керуетке, реанимация және қарқынды терапия бөлімшесі 20 керуетке есептелген.
- Пандемия кезінде облыс тұрғындарының қандай қиындыққа тап болғаны есімізде. Өйткені, науқастар санының күрт артуына байланысты, ауруханаларда оттегі станциялары, жабдықтар мен ИВЛ аппараттарына ерекше қажеттілік қалыптасты. Бүгін облыс әкімдігінің тікелей қолдауымен, емделушілер осындай заманауи және жайлы жағдайдағы ауруханаға көшіріле бастады. Бұл шын мәнінде бүкіл өңір үшін үлкен оқиға, - деді Бақытгүл Хаменова.
Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдуәлиевтің айтуынша, қазір облыстық аурухананың инфекциялық стационарында 84 науқас емделуде. Алғашқы 20 науқас бүгін модульдік ауруханаға көшіріледі.
- Соңғы 10 күнде өңірде коронавирус инфекциясымен сырқаттану көрсеткіші өсіп тұр. Пациенттердің саны орта есеппен 15-20%-ға өсті. Сондықтан, науқастарды модульдік ауруханаға кезең-кезеңімен ауыстыру туралы шешім қабылданды. Денсаулық сақтау басқармасының бұйрығымен ендігі түскен сырқаттанушылар автоматты түрде жаңа ауруханаға жатқызылады, - деді Асхан Байдуәлиев.
Модульдік аурухана медициналық қалдықтарды залалсыздандыру жүйесімен, машиналарды дезинфекциялау пунктімен, оттегі концентраторымен, орталықтандырылған оттегі және медициналық газбен жабдықтау жүйесімен жабдықталған. Барлық палаталар оттегі беру желілерімен қамтамасыз етілген, бұл әрбір палатада ауыр және аса ауыр пациенттерді емдеу үшін қарқынды терапия жүргізуге мүмкіндік береді.
Ғимараттың жалпы ауданы 6 764 шаршы метр. Ол 8 блоктан және 10 дербес қосалқы нысаннан тұрады. Бұған әкімшілік бөлімі бар медициналық блок, қабылдау-диагностикалық бөлім, операциялық блогы бар реанимация бөлімі және галерея түріндегі дәлізбен өзара байланысқан бес палаталы бөлімше кіреді.