АСАНДА ЖАҢА МЕДПУНКТ АШЫЛДЫ

(0 Votes)

Шалғайдағы Асан ауылында медпункт салу, оны мектептің бір бөлмесінен басқа жерге көшіру қажеттігі тұрғындар тарапынан көптен бері көтеріліп жүрген.

Жаңа нысан салынбаса мектептегі медпунктке ауру адамдар сырттан қатынайтын етіп бөлек есік шығару қажет деген ұсыныстар айтылғаны есімізде. Енді міне, Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 30 жыл толуына орай шағын ауыл тұрғындарының  арманы орындалып, өткен сенбіде заманауи типте салынған жаңа медпункт ашылды. Салтанатты шараға аудан әкімі Марат Мурзиев, аудандық орталық аурухананың бас дәрігері міндетін атқарушы Светлана Хамзина бастаған бір топ лауазым иелері, дәрігерлер, ардагерлер, БАҚ өкілдері мен ауыл тұрғындары қатысты.

Аудан әкімі Марат Бисенғалиұлы құттықтау сөзінде: – Бүгін баршаңызды еліміздің ең асыл, қастерлі мерекесі Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 30 жыл толуымен шын жүректен құттықтауға рұқсат етіңіздер. Ата-бабаларымыз аңсаған қасиетті мерекеміздің 30 жылдығы көзді-ашып жұмғанша келіп отыр. Әрине, әрбір мемелекет үшін Тәуелсіздік күні ең жарқын, ең жанға жылы мейрам болып саналады. Отыз жыл тарихта қысқа мерзім болса да жас мемлекетке үлкен сынға толы кезең деп есептеледі. Осы жылдарда Қазақстан Республикасы тұрақты дамып, кейбір елдерде болмаған үлкен жетістіктерге жетті. Әрбір Тәуелсіз ел үшін ең қымбат құндылық азаматтарының денсаулығы. Денсаулық – елдің тұрақтылығын, ұлттық қауіпсіздігін қалыптастыратын нәрсе. Биылғы жылы ауданымызда біршама құрылыс нысандары басталып, бірі келесі жылға ауыстырылып, кейбірі халық игілігіне беріліп жатыр. Соның ішінде осы Асан ауылындағы медициналық пункт ашылып, пайдалануға берілгелі отыр. Жалпы ауданымызда 35 денсаулық сақтау нысандары бар. Тәуелсіздік жылдарында оншақтысы салынып халық игілігін көруде, - деп мұнда аурудың алдын алу бағытындағы жұмыстар жақсарып, дертке шалдығып келушілер азайып, берекелі, мерекелі күндеріміз көп болсын деген ізгі тілегін жеткізді. Құрылысты маусым айында бастап, жылдам әрі сапалы салған мердігер мекеме «Декор» ЖШС-не ризашылығын білдірді.

dc1308c4-b663-4071-81e3-82f082f90219

​Асан ауылдық округінің тұрғыны, медицина саласының ардагері Мертай Абзалұлы: – Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында бүгін осындай шараға жиналып, жаңа ғимараттың ашылуына куә болып тұрмыз. Сол үшін аудан, округ әкімдері аппаратына, құрылысты жүргізген мердігер мекеме басшысына асандықтар атынан алғыс айтамыз. Бұл ғимарат ауыл тұрғындарына жақсы қызмет көрсетеді деп сенемін. Көк туымыз биікте желбірей берсін, жанұяларыңызға амандық, отбастарыңызға тыныштық, жұмыстарыңызда жемісті еңбек тілеймін, - деді.

​Заманауи үлгідегі ғимаратты қысқа мерзім ішінде салып шыққан мердігер мекеме «Декор» ЖШС атынан құттықтаған Пангерей Асқарұлы символикалық кілтті аудандық орталық аурухананың бас дәрігері міндетін атқарушы Светлана Оқасқызына табыс етті. Ауыл өнерпазы Батыржан Құбашов «Мың алғыс дәрігерге» атты тамаша әнді орындады. Ғимарат алдына керілген лентаны қию Асан ауылдық округінің тұрғыны, медицина саласының ардагері Ғалия Байноғаева мен аудандық орталық аурухананың бас дәрігері міндетін атқарушы Светлана Хамзинаға тиді. Шашу шашылып, тұрғындар жаңа ғимаратты аралап көрді.

​Аудан әкімі Марат Бисенғалиұлы асандықтармен әңгімесінде вакцина алудың тиімділігін жеткізіп, оған бір кісідей жұмыла қатысу өздерінің отбасы мен ұрпақтары үшін маңызды екенін түсіндірді. Ауыл ақсақалы Серік Сариев: – Біздің ауданға келгеннен бері осында бірнеше болдыңыз. Бәрін өз көзіңізбен көріп, мына құрылыстың да жылдам бітуіне септігіңізді тигіздіңіз. Сол үшін сізге ризамыз. Аудан көлемінде де бірқатар жұмыстар жасалып жатқанынан хабардармыз. Аман жүріп, халықтың алғысын ала беріңіз, - деген тілегін жеткізіп, ақ батасын берді.

Айта кетейік жаңа ғимаратта құрал-жабдықтармен қамтылған 10 бөлме бар. Мұнда зертхана, екпе орыны, жарақат алғандарға көмек көрсету, гинекология, балалар бөлмесі, дәріхана және басқалары болады. Асан ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Сағидолла Әліпов осындай зәулім және заманауи тамаша нысан енді қажетті дәрігерлермен қамтылса екен деген тілегін айтты. Әзірге 5 медбике мен 1 дәрігер халыққа қызмет көрсетуде.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT