51 құрманғазылық ревакцинация жасады

(0 Votes)

Ал елімізде ревакцинация қарқын алды. Оны бірінші болып медицина қызметкерлері алуда.

Бұдан кейін, педагогтар, күштік құрылымдар қызметкерлері ревакцинация жасатады. Ауданымызда бұл жұмыс 24 қарашадан басталды. Күні бүгін 51 тұрғын қайтадан екпе алды. Елдің бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің қаулысына сәйкес ревакцинация «QazVac» вакцинасымен жасалуда. Ревакцинация мерзімі алғашқы вакцина алған кезге байланысты. Бас мемлекеттік санитариялық дәрігердің қаулысына сәйкес векторлық вакцина яғни, «Спутник-V» алғандар 9 айдан кейін, инактивтендірілген вакцина алғандар 6 айдан кейін қайта екпе алады. Бұл вакцинадан кейін ағзадағы антиденелердің біртіндеп азаюына байланысты. Әлем елдерінде дүрбелең туғызып жатқан жаңа штамм күн сайын күш алып, қарқынды тарауда. Бір апта бұрын 22 елден табылған «Омикрон» штамы бүгінде 38 мемлекетке таралды. Әлемдік сарапшылар оның алға қарай өсуі мүмкіндігін айтып отыр.

Жаңа штамм Оңтүстік Африка республикасынан анықталғандықтан, осы елмен біраз мемлекет әуе қатынасын тоқтатты. Алайда, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы «халықаралық сапарларға толығымен тыйым салу коронавирустың таралуын тоқтата алмайды» деп санайды. Сондықтан, әлем елдері мүмкіндігінше тұрғындарды вакциналау шарасымен қамтуға тырысып жатыр. Африка елдерінде вакцина салдырғысы келетіндер көбейген. «Омикрон» штамы африкалықтарды әбігерге салып қойды. Негізінде, бұл мемлекетте вакциналау ісі кенжелеп қалған.

Екпенің екі компонентін де алған тұрғындардың үлес салмағы бар-жоғы 10 пайызға да жетпейтін көрінеді. Сарапшылар жаңа штамның тез тарауының себебі осымен байланысты болуы мүмкін деп отыр. Куба жаңа штамға қарсы «Соберна плюс» деген вакцинасын жетілдіруге көшті. Ғалымдар сынақ жүргізуге кірісіп кеткен. Бірақ жергілікті мамандар қазіргі вакциналар да вирустың мутацияланған бұл түрінен қорғайды дейді. Куба қарашаның ортасында шетелдіктердің елге келуіне рұқсат еткен еді. Бірақ «Омикрон» пайда болғалы бақылауды қайта күшейтті.

 

Айнагүл Шакупова

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT