«Жүз жылдық жол»

(0 Votes)

Ауданымыздың білім беру саласында жарты ғасырға жуық жемісті қызмет атқарып, оның отыз жылдайын басқару ісіне арнаған белгілі ұстаз, КСРО Халық ағарту ісінің озық қызметкері, арының қылаусыз тазалығымен ел аузында жиі айтылатын,үлкен отбасының бәйтерегі Тағанқожа Өтегенов ағамыз көзі тірісінде 125 жылдық тарихы бар Абай атындағы орта мектептің көне шежіресінен бүгінге дейінгі кезеңін біраз зерттеп қағазға түсірген екен.

Өзі осы мектепте біраз жылдар директор болған ағамыз аталмыш білім ошағының қадір-қасиетін тайға таңба басқандай дәлелдей алған. Айтса айтқандай, Абай атындағы орта мектеп, облысты былай қойып, білім берудің жаңа жүйесін қалыптастыруымен, білікті ұстаздарымен, танымал шәкірттерімен республиканы мойындатып келеді. Қазақстан Республикасының тірек мектебі саналуы тегіннен-тегін емес. Бұл білім ордасының тарихы түгенделіп, түптелуі керек еді, бұл міндетті жалпақ жұрт қадірлеген Тағанқожа Өтегенов марқұм ағамыз көңілден шығардай етіп, орындап кетіпті, бәрекелді демекпіз.

Кітап авторы марқұмның өзі де, құрастырушысы осы Абай атындағы орта мектептен білім алған өлкетанушы-тарихшы, ғалым, жазушы Өтепберген Әлімгереев ағамыз. Сырқаты меңдей түскен күндердің бірінде: - Шырағым, әлім келгенінше айтулы мектептің тарихын зерделеген болдым, ар жағы саған аманат, - деп қолжазбасын Өтекең шәкіртіне тапсырып кетіпті.

Саналы шәкірт ұстаз аманатына қиянат жасамай, бар жазған-сызғандарын тиянақтап кітап етіп құндақтап осы ауданда тұратын ұрпақтарына «Әкелеріңнің кітабы дайын, бастыруға қаражат мәселесін шешсеңдер болғаны» дегенді айтқан. Ұрпақтары жазушы ағаларының ұсынысын бірауыздан қолдап «Жүз жылдық жол» кітабы осылай өмірге келген.

Енді бірер ауыз сөзбен мазмұнына келсек: «Ғасырлық жол» (Ө.Әлімгереев) «Мектептің қысқаша тарихы» (Т.Өтегенов) – бірінші бөлім. «Сурет – шежіре» - екінші бөлім. «Ататек» (Т.Өтегенов), «Естен кетпес есімдер» (Ө.Әлімгереев), «Өмір деректерінен» (Т.Өтегенов), «К.Оспановтың жеке есепке алу бетшесінен» (Облыстық мұрағаттан), «Көңілде жүрген Көшекең» (С.Сәрсемәлиев), «Өнегелі де өрелі ұстаз» (Р.Ізтелеуов).

Оқырман бұл шежіре-кітаптан Абай атындағы айтулы білім ошағының 1893 жылдан бері қарайғы тарихымен ғана танысып қоймай, автордың саналы өміріне, ата тегіне, туыстары, ұрпақтары жайлы мәліметтерге де қаныға алады.

Кітаптың салмағына – салмақ қосып тұрған ауданның қаз басып, қалыптасуына, экономикасының көтерілуіне, Ұлы Отан соғысындағы жеңістің жақындауына өзіндік басшылық, ұйымдастырушылық үлесін қосқан, айтулы тұлға, марқұм Көшәлі Оспанов жайындағы жазбалар. Соңғы қызметі – 1943 жылдың 20 ақпанынан 1950 жылдың аяғына дейін Чапаев атындағы колхоздың басқарма төрағасы болып шаруашылықты гүрлетіп басқарған азамат жайында кейінгі буынның хабарсыз екені рас.

Ұмытуға келмейтін есім турасында жазушы марқұм Қайыржан Мағзомов ағамыз роман да жазған екен, бірақ қаражат тапшылығы себепті кезінде шығара алмапты. Қолжазбаның бір данасы Өтепберген Әлімгереев ағамыздың қолында. Онда Көшәлі марқұммен бірге сол Дыңғызыл өңірінде, жалпы ол болған шаруашылықтарда еңбек етіп, өмір сүрген адамдардың ғұмыр кешулері, қияметті жолдары баяндалған. Бұл роман да баспа жүзін табуы керек, бірақ кім, қалай, қайтіп, - деген сауалдардың күрмеуі әзірге шешіле қойған жоқ.

Қысқасы, марқұм Тағанқожа Өтегеновтің авторлығымен, Өтепберген Әлімгереевтің құрастыруымен жарыққа шыққан жаңа кітап – «Жүз жылдық жолдың» айтары бар, аудан ғана емес, қазақ елі тарихына қосары бар. Бізге бір данасын, құрметпен ұсынған Болатбек Тағанқожаұлы ініміздің құлағына «көпшіліктің игілігіне айналсын, аудандық, ауылдық кітапханаларға сыйлағаның жөн» - деген ағалық ұсынысымызды саламыз. Сол Абай атындағы орта мектепте тұсаукесері өтіп жатса, құба-құп. Өйткені, сол қара шаңырақта еңбек еткен, кітапта есімдері аталған жүз жылдық жол иелерінің мәңгі өлмес рухтары соны дәм ететіндей. Ал оны орындау – артында қалған бүгінгі тірлік иелерінің ізгі борышы.

Т.Дәрелұлы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT