Жұмекен өлеңдерін оқу мәресіне жетті

(0 Votes)

Б.Бегалиев атындағы орта мектепте «Біргеміз түлек 2020» атты салтанатты шара өтті. Қазіргі уақыт талабына сай оған түлектер, ұстаздар мен ата-аналардың бір тобы қатысты.

Аталған мектепті биыл 19 түлек бітіріп отыр. Шарада мектеп директоры Гүлжанат Қалиева құттықтау сөз сөйлеп: – 2019-2020 оқу жылында мектебімізді 623 оқушы аяқтады. Түлектеріміздің мамандық таңдауына мониторинг жүргізсек, 4-і педагогика, екі-екіден сәулетші, әскери қызмет, аспаз,кондитер, ауыл шаруашылығы, электрик, 4- бағдарламашы, 1-і медицина салаларына оқуға барады. Соңғы үш жылда мектебіміз аудан бойынша екінші орында келе жатыр. Бүгінгі түлектеріміз мектеп абыройын асқақтатып, қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, облыстық, аудандық байқаулардың, пәндік олимпиадалардың жеңімпаздары атанды. Олардың қатарында «Нұршуақ» жасөспірімдер театрының жас актерлері Ниғыметолла Марданов, Рахат Тұралиев, Әлібек Айтжанов, Дана Шапхатова, Жансая Сабырғалиева, Бауырбек Есенболатұлы, Айда Салихжан бар, - дей келе, «Жас жауынгер», «Жас мерген» сайыстарының жеңімпаздарын да атап өтті. Білім ұясынан қанат қаққалы отырған түлектерге сәттілік тілеп, атестаттар, құттықтау хаттар мен дипломдар табыс етті. Білім кілті мен Абайдың 175 жылдығына арналған кітап макетін түлектерден қабылдап алып, биылғы оқу жылында келетін оқушыларға табыстауға уәдесін берді.

begalievshara

Салтанатты шарада түлектердің алғашқы және жоғары сыныптағы ұстаздары Талшын Өтеуліқызы, Гүлжазира Байдабайқызы, ата-аналар атынан Айнагүл Бекжанова, түлектер атынан мектеп мақтаныштары Бауырбек Есенболатұлы, Дана Шапхатова сөйлеп, ізгі тілектерін жеткізді. Түлектер өз тарапынан арнау өлеңдерін оқып, флешмоб, «Қош бол мектебім» әнін орындады.

begalievshara2

b

Сондай-ақ бұл шара мақтаныш тұтар жерлесіміз, Әнұранымыздың авторы Жұмекен Нәжімеденовтің туғанына 85 жыл толуына орай, «Atyraу» телеарнасының бастамасымен жүзеге асырылған #Jumeken 85 өлең эстафетасын қорытындылауға жалғасты. Эстафета осы мектептен бастау алған болатын. Ауданымызда кеңінен қолдау тапқан бұл челлендж «Нұршуақ» жастар театрының орындауындағы «Жыр Жұмекен» әдеби композициясымен аяқталды. Композиция барысында түлектер ақынның бірнеше өлеңдерін кезекпе-кезек нақышына келтіріп орындап шықты. Бұған дейін олардың жыр оқуын онлайн түрде тамашаласақ, енді көзбе-көз көріп жас ұрпақтың жұмбақ ақынның шығармашылығына селсоқ қарамайтынына көңіліміз толды. Жасыл желегімен желпіген жазғы аспан астында әдемі жыр жолдары қанат қақты.

begalievshara3

Қанат ҒҰМАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521