UTEBAYEV UNIVERSITY еліміздің мұнай-газ саласындағы жетекші ғылыми-зерттеу орталықтарының бірі ретінде тағы бір маңызды қадам жасады. Енді университет PhD дәрежесін беретін білім ордаларының қатарына қосылды.
Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Білім және ғылым саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитетінің шешімімен университетте «8D071 – Инженерия және инженерлік іс» даярлау бағыты бойынша диссертациялық кеңес құрылды.
Жаңадан ашылған кеңес «8D07101 – Органикалық заттардың химиялық технологиясы, машиналар, аппараттар мен жабдықтар» білім беру бағдарламасы аясында философия докторы (PhD) ғылыми дәрежесін беру үшін докторлық диссертацияларды қорғауды ұйымдастырады.
Университетте 8D07201 – Мұнай-газ инженериясы және 8D7101 – Органикалық заттардың химиялық технологиясы, машиналар, аппараттар және жабдықтар бағыттары бойынша докторантура бағдарламасы үш жыл бұрын іске қосылған еді. Бұл уақыт аралығында жас ғалымдар зерттеу жұмыстарын жүргізіп, өздерінің диссертациялық жобаларын сәтті жалғастырып келеді.
UTEBAYEV UNIVERSITY ректоры Гүлзада Шакуликова диссертациялық кеңестің ашылуын университет үшін ғана емес, өңір ғылымы үшін де зор жетістік екенін атап өтті:
– Диссертациялық кеңестің ашылуы – университет ұжымының бірлескен еңбегінің нәтижесі. Бұл шешім өңірлік және республикалық деңгейде ғылыми зерттеулердің дамуына серпін береді. Сондай-ақ жас ғалымдарға өз еңбектерін қорғап, ғылымға үлес қосуға кең мүмкіндік ашады.
Жаңа диссертациялық кеңес – университеттің ғылыми-инновациялық әлеуетін нығайтып, халықаралық ғылыми қауымдастықтағы беделін арттыратын маңызды бастама. Бұл қадам аймақтағы мұнай-газ саласына қажет жоғары білікті мамандарды даярлауға және ғылымды өндіріспен ұштастыруға тың серпін бермек.