Аудандық қоғамдық кеңестің кезекті отырысын оның төрағасы Талғат Жаудин ашып, күн тәртібімен таныстырды. Кеңес отырысына аудан әкімі Абат Жанғалиев қатысты.
Күн тәртібіне сай аудандық білім бөлімінің басшысы Еділ Баяров білім беру ұйымдарының 2024-2025 оқу жылына дайындығы туралы хабарлама жасады. Хабарламаншының айтуынша алдағы оқу жылына аудан көлеміндегі 33 мектептің 1-11 сыныптарына 11059 оқушы қабылданып, 624 сыныпта оқиды деп жоспарлануда. 1-ші сыныпқа қабылдауға ағымдағы жылдың 1-ші маусымы мен 31-ші тамызы аралығында ата-аналардан 1033 өтініш түскен. Мемлекеттік сатып алу конкурсын облыстық білім басқармасы ұйымдастырып, 12 баспамен келісімшарт жасалған. Қажетті оқулықтар 20-шы тамызға дейін мектептерге жеткізіледі. Білім ұяларын жаңа оқу жылына дайындау мақсатында мектептерге 21037,0 мың, балабақшаларға 6408,0 мың, барлығы 26445,0 мың теңге қаржы бөлініп, ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілген. Одан әрі бөлім басшысы қысқы дайындық, мектептер мен балабақшалардың материалдық-техникалық базасын жаңарту, білім беру мекемелерінде балалар тасымалын ұйымдастыру, интернетпен қамту бағытында атқарылған жұмыстарға тоқталды. Қатысушылар тарапынан туындаған сұрақтарға жауап қайтарды.
Аудан әкімі Абат Жанғалиев Ақкөл ауылдық округіндегі демографиялық өсімге байланысты сұрақ қойып, қазір 900 бала оқып жатқан 540 орындық ғимаратты да мектеп ретінде қалдырмай, «Жайлы мектеп» жобасымен жаңадан салынған 600 балаға арналған ғимаратқа көшкенде 5-10 жылда тағы да білім ұясын салуға сұраныс тумай ма деген алаңдаушылығын білдірді. Берілген жауапта демографиялық өсім қазір Сүйіндік, Асан ауылдық округтерінде ғана байқалғаны айтылды. Кеңес мүшесі Оразғали Алғаязов Нұржау ауылындағы «Гауһар» балабақшасы қоршауының мүшкіл жайынан хабардар етіп, бес метр жерде автокөлік жолы өтіп жатқандықтан шарасын алуды сұрады. Бөлім басшысының айтуынша бұл жөнінде облыстық білім бөліміне бірнеше рет сұраныс жіберіліп, енді сараптамаға беріліпті. Қорытындысы шыққаннан кейін қаржы сұратылмақ. Кеңес төрағасы Талғат Жаудин, мүшелері Сатқан Қалиев, Азамат Абдоллаев және басқалары тарапынан мектеп директорларының тәртібі, кейбір білім ұяларының ауласын шөп басып, қараусыз қалғаны, өзге де мәселелер көтеріліп, талқыға түсті. Аудан әкімі Абат Сайфоллаұлы білім бөлімі басшысына қызметіне сай емес, өз жұмысына салғырт қарайтын мектеп директорларына тиісті шаралар алуды тапсырды. Айт кетер жайт білім бөлімі облыстық білім бөлімінен алынып, енді тікелей ауданға қарайтын болады. Бұл өз кезегінде біраз түйіткілді мәселелерді шешуге септесері анық.
Аудандық жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы бөлімі басшысының міндетін атқарушы Балағазы Иманғалиев елді мекендер шегінде объектілер салу үшін жер учаскелерін беру жөнінде хабарлама жасап, қысқаша ақпарат берді. Аудан әкімі Абат Жанғалиев қазір көп ауылдарда инфрақұрылымы бар, бірақ, бос тұрған, иесіз қалған баспаналар барын жеткізіп, солардың жерін не себепті үй кезегінде тұрғандарға беруге болмайтынын сұрады. Кеңес мүшелері аталған бөлімнің жұмысына сын айтып, округ әкімдері де тиісінше зерделеу жұмыстарын жасамай отырғанын алға тартты.
Келесі кезекте аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі басшысының міндетін атқарушы Асқар Мұфтах аталған бөлім тарапынан мемлекеттік қызмет көрсету сапасына мониторинг жасауға тоқталып, туындаған сұрақтарға жауаптар қайтарды. Қоғамдық кеңес төрағасы Талғат Жаудин кеңес отырысын қорытындылап, күн тәртібі бойынша шешім жобасы қабылданды.
Қанат ҒҰМАРОВ