Ұстаз – ұлы есім

(0 Votes)

Мұғалімдер күні – баршамыз үшін қастерлі мереке деп түсінемін. Себебі, оның алдында бәріміз де шәкіртпіз. «Мұғалім  мамандығы – барлық  мамандықтың  анасы»  демекші, оның  алдынан  тәрбие  өтпейтін  жан  жоқ. Ғылым  иесі  ғалым,  ел  қорғаған  батыр, тілінен  бал  тамған ақын,  тегеуріні   темір   балқытқан   жұмысшы, егін  салған диқан, мал  бағып,   терін   төккен  шопан, көк  күмбезінен  әрі  өткен ғарышкер, бәрі де  ұстаздан  білім,  тәлім мен тәрбие  алған. Дүниедегі мамандық атаулының төресі – ұстаздық.

Әсілі, мұғалімдер  барлық  мамандық   иесін  тәрбиелейтін,  оқытып  үйрететін  мейірімді, абзал  жандар.  Ұстаз  берген  тәрбие  әрбір  жанның  өміріне  жол  сілтер  шамшырақ  секілді. Сондықтан ұлағатты  ұстаздарға  бүкіл  адам баласы  құрметпен  бас  иеді. Француз ойшылы Жан Жак Руссо «Ұстаз болу – өз уақытыңды аямау, өзгенің уақытын аялау» - деп айтпақшы, олардың еңбегі ерен. Қазақтан шыққан қоғам қайраткері, ағартушы-ғалым Ахмет Байтұрсынов «Мұғалім – мектептің жаны» деп бағалаған. Осыдан-ақ, ұстаз деген – ұлы есім екенін талассыз аңғаруға болады. Себебі, ұстазға деген құрмет бәрінен биік тұр.

«Адамның адамшылығы - жақсы ұстаздан» деп ұлы Абай айтқандай, мұғалім тәрбиесі мен өнегесі оқушының болашақ азығы. Жақсы ұстазға кезіккен шәкірт өмір майданында мойымай күресіп, алдағы болашағында бағытынан таймасы анық. Бүгін жетістікке жетіп жүрсем, ол мектепте тәрбие берген асыл ұстаздарымның еңбегінің жемісі. Мерекеде оларды сағынышпен еске аламын. Барша ұстаздарға жемісті еңбек тілеймін!

Дархан Ирғазиева,
Құрманғазы аудандық Жастар ресурстық орталығының бас маманы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521