Әлемнің ең дамыған озық 30 елінің қатарынан көрінуге ұмтылған Қазақ елі үшін білікті кадр саясатын табысты жүргізген абзал.
Осы орайда мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін ұдайы арттырып, оларды тұрақты түрде оқытудың маңыздылығы зор. Мәселен, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы Атырау облысы бойынша филиалының атқарып отырған жұмысын ерекше атап өтуге болады. Орталықтағы тәжірибелі мамандардан дәріс алған курсқа қатысушылар Елбасы саясатын жүзеге асырудағы оң тәжірибелерімен бөліседі.
Бүгінгі өзекті мәселелердің бірі – тілдердің үштұғырлылығы. Бұл жобаны іске асыру – еліміздің әлемдік қоғамдастықта лайықты орын алуының маңызды тетігі. Осы бағытта аталмыш филиал қазақ, орыс, ағылшын тілдерін оқыту курстарын ұйымдастыруда белсенділік танытуда. Мен өзім Құрманғазы ауданының мемлекеттік қызметкерлеріне ағылшын тілін деңгейлеп оқыту курсынан дәріс беремін. 2018 жылдың қыркүйек-желтоқсан айлары аралығында 27 адам бастауыш деңгейін оқып бітірді. Мақсаты – қазіргі заман талабына сай шет тілін мемлекеттік тілмен ұштастыра оқыту. Курс қатысушыларына Oxford баспасынан шыққан «New English File» оқулығы негізінде бағдарлама әзірленді. Ағылшын тілін үйрету барысында филиал ұстаздары оқытудың озық технологияларын өз дәрістерінде үнемі пайдаланып отырады. Тілді компьютер арқылы оқыту, аудио-бейне материалдар, рөлдік, іскерлік ойындар, топтық, жұптық жұмыстар арқылы үйретудің әдіс-тәсілдері өзінің оң нәтижесін беруде.
Өсергүл Мырзағалиева,
ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы Атырау облысы бойынша филиалының ағылшын тілі пәнінің мұғалімі