Мектеп директорының оқу-әдістемелік жұмыстар жөніндегі орынбасарларына арналған тәжірибе алмасу педагогикалық алаңы аясында «Сапалы білім беру ортасын құру және дамыту» тақырыбында Алтынсарин атындағы жалпы орта мектепте семинар болып өтті.
Өзгерістерге бейім, жан-жақты білімді жеке тұлғаны қалыптастыру ортасын құру және дамыту тәжірибесімен бөлісуді көздеген бақосуға аудандық білім бөлімінің әдістемелік кабинеттің меңгерушісі Тоты Бахтыгереева, аудан мектептері директорларының әдістемелік жұмыстар жөніндегі орынбасарлары қатысты. Семинарды мектеп психологы Айсұлу Сағындыққызы «Сәттілік білезігі» тренингімен бастады.
Бұдан соң мектептің математика пәнінің мұғалімі, педагог-сарапшы Пакиза Зинуллина, педагог-зерттеушілер, бастауыш сынып мұғалімі Саяжан Шайхаденова, қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Алма Садихова, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Гүлжан Кайрова, биология пәнінің мұғалімі, педагог-модератор Ахмеденова Нағима тәжірибелерімен бөлісті. Ә.Сәрсенбаев атындағы жалпы орта мектебінің биология пәнінің мұғалімі, педагог-зерттеуші Назгүл Хажитова дәріс берудегі жаңа технологиялар мен сабақ өткізудің заманауи әдіс-тәсілдерін жүйелі қолдану туралы ой өрбітті.
Мектеп директоры Алтын Каменованың фасилитация әдісімен өткен «Оқу үдерісінде мұғалімдердің бақылау дағдыларын қалыптастыру мәселелері» атты топтық жұмысы, аудандық білім бөлімінің әдістемелік кабинетінің меңгерушісі Тоты Меңдіханқызының «Сабаққа қатыс - мұғалімнің кәсіби өсу факторы» тақырыбындағы кәсіби әңгімесі, Ю.Гагарин атындағы жалпы орта мектебі директорының орынбасары Қымбат Шияпованың «Білім беру үдерісінің өзекті мәселелері мен ұйым қызметін сараптау жұмысын құжаттау» атты ақпараттық шолуы қатысушыларды үлкен әсерде қалдырды. Ақкөл орта мектебі директорының орынбасарлары семинар жұмысына байланысты кері байланысқа шығып отырды.
С.ҚҰБАШЕВ,
Алтынсарин атындағы жалпы орта мектебі директорының бейінді оқыту ісі жөніндегі орынбасары