Құрманғазыда 1138 оқушы пошта арқылы білім алуда

(0 Votes)

Сонымен төртінші тоқсанның сабағы басталды.

Тек оқушылар сөмке асынып, мектепке бармайды. Қолда бар гаджетке үңіліп, одан қалса телеарнаға жүгініп білім алуды жалғастыруда. Ауданымызда да 10 319 оқушы қашықтан оқуда. Бұл жаңа форматтың өзгерістері, бөлім және тоқсан бойынша жиынтық бағалау, 9-11 сынып оқушылары үшін қорытынды аттестаттау, ҰБТ қалай жүзеге асатыны жөнінде аудандық білім бөлімінің басшысы Гүлфара Құбаевамен сұхбаттасқан едік.

– Ауданымызда интернет платформалары арқылы 9178 бала білім алуға көшті. Ал аталмыш жүйе қолжетімді болмай отырған Шалғайдағы Азғыр өңіріндегі 1098 оқушыға, оған қоса, З.Серікқалиұлы атындағы мектеп-интернатындағы 24, кейбір ауылдық округтердегі16, барлығы 1138білім алушыға пошта арқылы сабақ жүргізіліп отыр. Ол қалай жүзеге асады? Мұғалім 1 апталық тапсырмаларды құрастырып, сынып жетекшілері арқылы поштаға жіберіледі. Одан кейін оқушылар белгіленген уақытта кері байланысқа шығады. Бұл жұмыс бірден жақсы жолға қойылды. Сондықтан мен аудандық пошта байланыс торабының басшысы Виктор Түсекеевке, оның қызметкерлеріне үлкен ризашылығымды білдіремін. Ол үнемі пошта тасымалымен жіберілген тапсырмалардың әрбір оқушының қолына жетуін жіті бақылауында ұстап отыр.

Қазіргі таңда көпшілік қашықтан оқытуды онлайн оқумен шатастырады. Бұл екеуі екі бөлек нәрсе. Онлайн оқудың түйткілдері көп болды. Сөйтіп, педагогтар Zoom платформасынан бас тартып, қашықтан оқуды толықтай қолға алды. Бұл туралы ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Zoom платформасы арқылы қазақстандық оқушыларға онлайн-сабақтар өткізуде қолайсыздықтар туындап, алғашқы онлайн-сабақтан-ақ бірқатар проблемалар анықталғанын айтты.Ал қашықтан оқыту телеарналар, месенджерлерді, яғни Telegram Whatsapp kundelik.kz bilim.land интернет платформаларында орналастырылған түрлі ресурстарды қолдану арқылы ұйымдастырылады. Мұғаліммен түрлі платформа, сондай-ақ WhatsApp секілді мессенджерлер көмегімен кері байланыс жасауға болады. Кейбір ұстаздар өздерінің қажеттілігіне орай онлайн-сабаққа да шығуда, - деді Г.Құбаева.

А.Шакупова

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521