Онлайн сабақтар бақылана ма?

(0 Votes)

Құрманғазы ауданы әкімдігі жанындағы құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі комиссияның жоспарға сәйкес кезекті отырысында аудандық білім бөлімінің басшысы Гүлфара Құбаева білім беру бөлімдеріндегі оқушыларды құқықтық тәртіпке, заңға мойынұсынушылыққа тәрбиелеу жөніндегі хабарламасында бұл бағытта атқарылған бірқатар жұмыстарға тоқталып өтіп:

– Аз қамтылған жанұя қатарындағы 19 мектептегі 170 отбасының әрқайсысына демеушілер арқылы 15000 теңгеден азық-түліктер топтамасымен көмектер жасалды. Түнгі мезгілде ата-анасының немесе сенімді өкілінің қадағалауынсыз жүрген балаларды анықтау мақсатында «Полиция және мектеп», «Сабақ», «Жасөспірім», «Бала еңбегін қанауға қарсы 12 күн» атты рейдтер өткізілді. Құқықтық сауаттылықты арттыру бағытында тоқсан сайын ата-аналар жиналыстары қашықтықтан ұйымдастырылып, бала бақытының кепілі ата-ананың өнегелі тәрбиесі екені түсіндірілді. Қазіргі уақытта аудандық Оқушылар үйі жанынан балалардың бос уақытын тиімді өткізу бағытында 24 үйірме қашықтықтан ұйымдастырылып, жұмыстарын жүргізуде. Оларда барлығы 360 бала қамтылған. 21 маусым – Халықаралық әкелер күні мерекесіне орай онлайн вебинар өткізіліп, аудан мектептерінің белсенді әкелер кеңесінің мүшелері қатысты. Әр мектеп бойынша әлеуметтік желілерде әке тәрбиесінің рөлін насихаттау бағытында патриоттық тәрбиеге арналған онлайн жиналыстар, кездесулер, бейнероликтер байқауы, челлендждер жариялау жүзеге асты, - деп сөзін облыстық семинарда аудандық әкелер кеңесінің жұмысы жоғары бағаланды деген жағымды жаңалықпен тәмамдады.

Одан әрі комиссия төрағасы Қайрат Нұртаевтың психологтар мен есепте тұрған ата-аналар, мектептердің полиция инспекторларымен қамтылуына қатысты сұрақтарына жауап қайтарды. 49 психолог, 13 инспектор, есепте тұрған 11 ата-ана барын жеткізіп, кримоногенді білім орындарында инспекторларды көбейтуге ұсыныс берілгенін айтты. Аудан прокуроры Магилан Рахимов:

– Сіздерде онлайн сабақ қалай бақыланады? Осыны тексеріп отыруды жандандырыңыздар. Балалар оған түгел қатысуы тиіс. 1-2 сабаққа қатыспаса ол білім сапасына кері әсерін тигізеді, - деді. Аудан әкімі Қайрат Талапұлы бөлім басшысынан түске дейін онлайн, түсқайта оффлайн өткізілетін сабақтарға төленетін жалақы жайлы сұрап, аталған бөлім басшысына мониторинг жүргізіп отыруды тапсырды.

Қанат Ғұмаров

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521