Музыкалық оркестрлер мен ансамбльдер шеруі

(0 Votes)

Халықаралық балаларды қорғау күні - бүлдіршіндердің ғана емес, ата-аналардың да асыға күтетін мейрамдарының бірі. Бұл мереке алғаш рет 1955 жылдың қазан айында Женевадағы «Балалардың әл-ауқаты халықаралық Бірлігі» ұйымының ықпалымен дүние жүзі бойынша аталып өтті.

1954 жылы 20 қарашада БҰҰ-ның Бас Ассамблеясында балалар күнін атап өту туралы бастама көтерілді. Оны аталмыш ұйымға мүше елдердің бәрі қолдады. Бес жылдан соң, 20 қараша күні «Балалар құқы жөніндегі декларация» қабылданды. Ал, 1989 жылы 20 қарашада «Балалар құқығы жөніндегі конвенцияға» қол қойылды. Ауданымызда да балалардың құқығын қорғауға баса назар аударылуда. Биылғы жылы жалпы мектепте 10096 оқушы білім алса, мектепке дейінгі мекемеде 822 бүлдіршін тәрбиеленуде. Атаулы мерекеге орай ауданымызда алғаш рет балалар мен жастардың музыкалық оркестрлері және ансамбльдерінің шеруі ұйымдастырылды. Мақсаты - Елбасы Н.Назарбаевтың халыққа Жолдауындағы «Мәңгілік ел» жалпыұлттық идеясын жүзеге асыруда балалар мен жастардың музыкалық мәдениетін арттыру, аудан бойынша білім мекемелерінің беделін көтеру, маңыздылығын кейінгі ұрпаққа насихаттау, өнердің қасиетін бағалау. – Атаулы күн балаларға қуаныш сыйлау ғана емес, олардың құқығын қорғау, өмірге нық қадам жасауына жағдай туғызуды нақтылайтын күн. Бала – біздің болашағымыз. Сондықтан, олардың әрбір басқан қадамына жауапкершілікпен қарау міндетіміз болып табылады. Елімізде осы бағытта көптеген жұмыстар атқарылуда. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес барлық білім беру, тәрбие ұйымдарында қажетті жағдайлар жасалған. Материалдық-техникалық база, оқу-әдістемелік құралдар, арнайы спорт залдары, кітапханалар, қосымша үйірмелер белсенді жұмыс жасауда. Соның нәтижесінде қазіргі қазақстандық жастар республикалық, халықаралық додаларда биік белестерді бағындырумен келеді. Алдағы уақытта да олардың жолдары ашық болып, жұлдыздары жарқырай берсін, - деп аудан әкімінің орынбасары Жандос Бектеміров балғындарды мерекемен құттықтады.

Шеруге ауданымыздағы 18 мектеп, 4 қосымша білім беру мекемесі, 1 спорт мектебі, барлығы 720 бала белсенділік танытты. Барабаншылар, үрмелі және ұлт аспаптар оркестрлері, би, хор және музыкалық ансамбльдер ұжымдары он сегіз колоннамен жүріп өтті. Мерекелік шеруді Абай атындағы жалпы орта мектептің барабаншылары бастады. Одан әрі аудандық оқушылар үйінің «Жас ұландар», Ломоносов, Әуезов атындағы орта мектептердің мажореткалар, черлидерлер колонналары жалғастырды. Алтынсарин, Еңбекші орта мектептерінің хор ұжымы, әскери-патриоттық маршировкалары, Нұржау, Гагарин, Ақкөл, Сәрсенбаев, Манаев атындағы орта мектептер оқушыларының әсем дизайнерлік киім үлгілері шерудің сәнін келтірді. Дәулеткерей саз мектебінің «Домбырашылар», Жас туристер бекетінің «Жас туристер», спорт мектебінің «Боксшылар», «Таэквондистер», Д.Нұрпейісова балалар өнер мектебінің «Бишілер» , Құрманғазы аграрлы-техникалық колледж студенттерінің «Жалаулар алып жүрушілер» колонналары өздерінің түрлі қойылымдарын тарту етіп, шараны тамашалауға келген көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді. Жүргізушілер Рүстем Тоқаев, Гүлбақыт Ермұратова шеруге шыққан әрбір ұжым мүшелерінің жетістіктерін жиналғандарға таныстырды. Керемет музыкалық репертуар, аспаптардың әртүрлілігі, түрлі өнерді біріктірген бағдарламалар, бокс, таэквондо сынды спортты насихаттаған жас ұландар, сарбаз киімін киген балғындар, ұжымның бірыңғай формалары мен театрландырылған шеру айрықша әсер қалдырып, жарқын мерекенің көрігін қыздыра түсті.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT