Мақтаны Атыраудың алып ағай

(0 Votes)

«Еңбек ардагері», Тәуелсіздіктің 10, 25 жылдығы, «Ерен еңбегі үшін», «Қазақстан Республикасының ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін», «Ы.Алтынсарин» атындағы, «Қазақстан  Республикасының мәдениет қайраткері»  медальдарының иегері, республикаға аты белгілі ақын, Қазақстан Жазушылар  және Журналистер  Одағының мүшесі, филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы педагогика ғылымдарының академигі Қадыр Өтегенұлы Жүсіп теледидардан сөйлегенде әр сөзіне тамсана қараушы едім.

Ол кезеңде мен оқушымын. Қазақы сөздің қаймағын қалқыған, даналығы дараланған  тұлғаны бір көріп, оның ғибратты сөзін  есту мен үшін  үлкен арман болатын.
Осы бір арманым 2012 жылы Халел Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетіне оқуға түскенде орындалды. Қасиетті қара шаңыраққа ажарлы, әр адымын ақылмен басқан, ерекше бір сәулелі, жүзі күлімдеп тұрған бір үлкен адам келе жатты...Иә-иә дәл мен армандаған атақты адам. Уақыт өте келе белімді бекем буып, ол кісінің алдына бардым. Бар ойым-шәкірті болу, ізін қуып, ғылымның көгіне өрмелеу. Барғаным сол еді, байыппен мені тыңдай келе, ұстазы З.Қабдолов туралы терең толғанып, жүрекке жылы естеліктер өрбітті. Шәкіртттеріне қашанда құшағы ашық ғұламаның жетекшілігімен дипломдық жұмысымды  қорғадым.

Қадыр ағаның жетекшілігімен  жаңа буын ғалымдардың тұтас шоғыры қалыптасып, отандық ғылымды дамыту жолында тер төгіп келеді. Олар туралы айтсақ, сөзіміз тіптен ұзап кетпек. «Елім!» деген бір азамат үшін, ендей барлап, көктей шолып айтылған осы еңбектердің өзі аңызға айналған ғажайып ерліктерден несі кем?! Бар білім-білігін, қабілет-қарымын инемен құдық қазуға арнаған өмірге оның жемісін көруді ғана қоссақ жеткілікті. Жақсының жақсылығын дәріптеу,адамның ел үшін еткен игілікті істері мен мұрасын кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге ету – ежелден қалыптасқан дәстүріміз . Олай болса,ұстаз есімін мәңгі ұлықтап, игі мұратын ілгері дамытудың шараларын жүзеге асыру ойластырылуға тиіс. Халық батыры, жазушы Бауыржан Момышұлының «Ұстаздық-ұлы құрмет.Себебі,ұрпақты ұстаз тәрбиелейді,болашақтың басшысын да,данасын да,ғалымын да,еңбекқор егіншісін де ұстаз өсіреді»деген сөздері осындай өмірден өзінің мәртебелі орнын тауып,ел қажетіне жараған,бала жанының бағбаны бола білген Қадыр ағай сияқты азаматтарға лайық. «Біздің тарих бұл да бір қалың тарих, оқулығы жұп-жұқа бірақ-тағы...» деп Қадыр Мырза Әлі ақын айтқандай, бардың бағасын біліп, халқының жоғын іздеп, тарихын түгендеп, қалыңдатып жүрген ғалымның, Қадыр Жүсіп сынды ұстаздың ел игілігі үшін еткен еңбегінің де мың жасайтынына шүбә жоқ!

Ұлан Иманғалиев,

Қазақстан Педагогика ғылымдар академиясының мүшесі, Халықаралық инженерия,

экология және педагогика ғылымдары академиясының мүшесі.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521