ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев биылғы Жолдаудың негізгі он басымдығын атап көрсетті. Соның ішінде жетінші бағытында адами капиталдың жаңғырту негіздеріне назар аударылған.
«Білім берудің жаңа сапасы. Барлық жастағы азаматтарды қамтитын білім беру ісінде өзіміздің озық жүйемізді құруды жеделдету қажет. Білім беру бағдарламаларының негізгі басымдығы өзгерістерге үнемі бейім және жаңа білімді меңгеру қабілетін дамыту болуға тиіс. 2019 жылдың 1 қыркүйегіне қарай мектепке дейінгі білім беру ісінде балалардың ерте дамуы үшін өз бетінше оқу машығы мен әлеуметтік дағдысын дамытатын бағдарламалардың бірыңғай стандарттарын енгізу қажет», - деді Елбасы Жолдауға қатысты жасаған мәлімдемесінде. Бұдан бөлек, Президент орта білім беру саласында жаңартылған мазмұнға көшу басталғанын, бұл 2021 жылы аяқталатынын атап өтеді.
«Бұл - мүлде жаңа бағдарламалар, оқулықтар, стандарттар және кадрлар. Педагогтарды оқыту және олардың біліктілігін арттыру жолдарын қайта қарау керек болады. Білім берудің барлық деңгейінде математика және жаратылыстану ғылымдарын оқыту сапасын күшейту керек. Бұл - жастарды жаңа технологиялық қалыпқа дайындаудың маңызды шарты. Білім беру мекемелерінің арасындағы бәсекелестікті арттырып, жеке капиталды тарту үшін қала мектептерінде жан басына қатысты қаржыландыру енгізілетін болады» делінген Жолдауда.
Осылайша Президент білім беру жүйесінің барлық деңгейі заманауи өзгерістер мен экономика сұраныстарына толықтай жауап беруі қажеттігін, бұл ретте мұғалім мамандығының беделін арттырудың маңыздылығын айрықша атап өтті. Осы мақсатпен Мемлекет басшысы жаңартылған мазмұнына көшкен ұстаздардың лауазымдық жалақысын 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап 30 пайызға көбейтуді тапсырды. «Жаңартылған мазмұн дегеніміз – халықаралық стандарттарға сай келетін және Назарбаев зияткерлік мектептерінде бейімделуден өткен заманауи оқу бағдарламалары. Бұлар біздің балаларымызға қажетті функционалдық сауаттылық пен сыни тұрғыдан ойлау қабілетін дарытады», деді Елбасы. Осы ретте біз ұстаздар қауымы Жолдау мәтініндегі өз саламызға қатысты айтылған тапсырмалардың толығымен жүзеге асырылуына бір кісідей атсалысатын боламыз.
Роза Тұрмұханова,
Абай атындағы жалпы
орта мектептің физика пәнінің жоғары санатты мұғалімі.