Мұғалімдердің біліктілігін арттыратын деңгейлік оқу курстарының енгізілгеніне де 4-5 жылдың жүзі болды. Ал ол бүгінгі таңда білім сапасының жоғарылауына қаншалықты өз септігін тигізуде?
Бұл курстардан күтілетін нәтиже –оқушылардың өз бетінше оқып-үйреніп, өз пікірін еркін жеткізе алатын, дамыған, ынталы, білімге құштар, алдына мақсат қоя білетін тұлға ретінде қалыптасуы. Оны оқып келген әрбір педагог меңгергендерін кемінде екі мұғалімге үйретуі керек. Осы екеуі тағы екі педагогпен бөлісе алады. Осылай жалғаса береді. Бір сөзбен айтқанда, желілік маркетингтік жүйе секілді. Бір түсінгеніміз, оқытудың кембридждік үлгісі барлық мұғалімге ортақ екен. Тек сертификат алмайды демесеңіз, қасындағы әріптесінен үйреніп, өз сабағында жұптық, диалогтік, топтастыру жұмыстарының әдіс-тәсілдерін енгізе алады. Соның бірі – сабақты зерттеу әдісі (Lesson Study). Бұл – мұғалімдердің кәсіби біліктілігін тұрақты түрде дамытудың тиімді амалы.
Жапондардан енген «Lesson Study» әдісінің түпкі идеясы –сыныпта үлгерімі нашар оқушы болмауы тиіс. Оның тәсілін басқа мұғалімдер бірлесе іздеуі керек. Сондай-ақ сыныптың озаттарын жолдасына көмектесуге итермелей отырып, баланың белсенділігін арттыру арқылы, білім сапасын көтеру қажет. Мәселен, күншығыс елінде жапондық мұғалім тақтаға математикалық теңдеу жазады. Сосын сыныпқа бұрылып, күтіп тұрады. Сәл уақыттан соң бір оқушы қол көтереді. Мұғалім жанына келеді. Дәптеріне үңіліп, есептің жауабының астын сызады: бәрі дұрыс. Ары қарай қызық жағдай басталады. Енді әлгі оқушы орнынан тұрады да қолын көтерген келесі оқушының есебін тексереді. Осылай жалғаса береді. «Егер өзің білген нәрсені басқаға үйретсең, ақпараттың тоқсан пайызы миыңда қалады. Ал тақтаның алдына шығып жай ғана түсіндіріп берсем, онда ақпараттың қырық пайызы ғана оқушыға түсінікті болады. Өзара талқылай отырып, бір-біріне үйретсе, сонда ақпарат сіңімді болмақ» дейді жапондық мұғалім Кунито Иту. Былай қарасаңыз, тың әдіс. Бірақ кеңестік оқыту жүйесінде де осындай идеология болған.
«Менің атым Қожа» фильмін еске түсіріңізші, мектеп жиналысында Жанар: «Сендер күлесіңдер, ал ол әні, жылап тұр!» – десе, Рахманов ағай: «Ал Қожаны мектептен қуып жіберейік, сонда басқа мектептегілер бір нашар оқушыны жолдастары тәрбиелей алмағаны ма демей ме?» – деген сөзі – оқытудың бұл әдісі бізге таңсық емес екенін көрсетеді. Тіпті осы тәсіл Абай айтқан мына сөзді еске түсіреді: «Егер бір адам жаман болса, оған замандасының бәрі кінәлі». Қарап отырсақ, бір кездегі ұлтымыздың ойшылдары айтып кеткен білім мен тәрбиедегі болжамдары, қазіргі термин сөздермен байланысып, өзімізге қайта айналып, жаңалық болып енуде. Жаңаша оқытудың тиімді жолдарын тауып, жүйелі түрде қолдану – заман талабы. Білім мазмұнының жаңаруымен қатар, оқытудың әдіс-тәсілдері мен әртүрлі құралдарын қолданудың тиімділігін арттыру да өте маңызды. Оқыту әдістерінің кез келген түрін жандандырып, тәжірибеде қолдану мұғалімнен әдіскерлік шеберлік пен шығармашылық ізденісті талап етеді. 2021 жылға қарай білім берудің орта сатысы толық жаңартылған білім мазмұнына көшеді
. Ал 2019 жылдан бастап жоғары сыныптарда жаратылыстану бағытындағы кейбір пәндер ағылшын тілінде оқытыла бастайды. Оған кезең-кезеңімен енгізіліп жатқан электронды оқыту жүйесін қосыңыз. Қысқасы педагогтер үшін күрделі кезең туды. Дегенмен бір қуанатыны – білімін жетілдіріп, біліктілігін арттырғанның еңбегі де елеулі, жалақысы да көтеріңкі болатыны. Бірақ кейде шет тілін меңгеріп, жаңаны да үйренуге барлық мұғалімнің бірдей мүмкіндігі жете ме деген де ой туындайтыны анық. Иә, түптеп келгенде жаңартылған білім беру мазмұнына көшу, электронды оқыту жүйесі, үш тілде білім берудің сәтті жүзеге асуы – педагогтердің біліктілігіне тікелей байланысты. Оқушылардың бойына ХХІ ғасырда өмірдің барлық салаларында табысты болу үшін қажет дағдыларды қалыптастырғысы келетін мұғалім тынымсыз еңбектенуді қажет етеді. Қазірдің өзінде жаңартылған оқу бағдарламасы бойынша тек өз пәнін, өз мамандығын шексіз сүйетін, осы мамандықты құдіретті деп санайтын білімді педагогтар ғана жұмыс істей алатынын уақыттың өзі көрсетуде.
А.ШАКУПОВА.