Ұлдана – үздіктер қатарында

(1 Vote)

Ағылшын тілін білу – заман талабы, әлемді танудың негізгі кілті болмақ. Қазіргі жаһандану үдерісінде бұл басты қажеттіліктердің бірі. Осы шет тілін оқушылардың санасына сіңіртіп, жетік меңгеруіне себепші боп жүрген жан – Абай орта мектебінің ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Ұлдана Наурызбаева.

Ол Алматы қаласындағы Абылай хан атындағы қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінде білім алған. Еңбек өтіліне небары 3 жыл болса да, озық оқытушылардың қатарынан табылып үлгерді. Оған жақында Британдық Кеңестің ұйымдастыруымен өткен бастауыш және орта сынып оқушыларына сабақ беретін мұғалімдерге арналған «Ағылшын тілінен үздік онлайн сабақ» байқауында жеткен жетістігі дәлел.

Анығын тарқатып айтар болсақ, байқауға тіркеуден соң Уорик университетінің қолданбалы лингвистика орталығының директоры Пенни Мосавианның кіріспе вебинарлары жүргізілген. Бұл вебинарлар видео сабақ құрудың әртүрлі қағидаларын, әдістері мен құралдарын білуге бағытталыпты. Кейін қатысушыларға мектеп оқушылары үшін ағылшын тілінің лексикасы немесе грамматикасы туралы видео сабақ әзірлеу бойынша тапсырма берілген. Жерлесіміз 11 сыныпқа арналған грамматикалық «Question tags» тақырыбын таңдапты. Әрбір вебинардың уақытын, ұйымдастырылуын Британдық Кеңестің жоба менеджері Ардақ Бектурова қамтамасыз етіп отырған. Еліміздің түкпір-түкпірінен қатысқан 200 мұғалім ішінен кейіпкеріміз үздік 30 финалисттің қатарынан көрінген. Алда тағы да вебинарлар болады екен. Бұнда жеке және практикалық жұмыстар бойынша видеоны жақсарту үшін кеңестер берілмек. Кейін жобаны жүзеге асырушылар ұсынған тақырып бойынша қайтадан бейне сабақ түсіріп, бағалауға жібереді. Британдық Кеңестің онлайн-ресурстарын пайдалана отырып, бейне сабақ топтамасын жасауға және оқушыларды қашықтықтан оқытуда қолдауға негізделген байқауда Ұлдана Наурызбайқызының жеңімпаз атануын барша Құрманғазылықтар тілеп, тақымдарын қысып отырғаны жасырын емес.

Бұдан бөлек жас маман «Тиімді кері байланыс орнату: жаңартылған білім мазмұнын сапалы меңгерту кепілі» атты облыстық форумында сабақ өткізіп, Атырау облысы Білім беру басқармасы Әдістемелік орталығының Алғыс хатымен марапатталған. Оқушылары «British bulldog» халықаралық конкурсына қатысып, жүлделі орындарға ие болды. Оған қоса аудандық пәндік олимпиадалардан, ғылыми жобалардан, көрініс байқауларынан да алған марапаттары ауыз толтырарлықтай. Жас буынның шет тілінде еркін сөйлеуін қалыптастырып, теориялық білімдерін тәжірибемен ұштастыруын мақсат тұтатын осындай білікті мұғалімдердің қатары көбейсін демекпіз!

Еркеназ Қалижан

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521