Латын әліпбиіне көшу – рухани тәуелсіздікке жасалған алғашқы қадамымыздың бастыларының бірі.
Елбасының бастауымен қолға алынған, қазақ халқы үшін өмірлік маңызы бар мәселеге кереғар ойларды саралап қарасақ, халықтың біразы бұл шараны сонау тәуелсіздік алған алғашқы жылдары жүзеге асыру керектігін әттеген-ай ретінде тілге тиек етеді.
Ол тұста Республиканың ұлттық құрамы, халықтың психологиялық ойлау деңгейі мүлдем басқаша болатын. Саяси әлеуметтік ахуал тұрақсыз болып, тұрмыстағы кемшін тұстар ел еңсесін басқан еді. Коммунистік тәрбие бойына сіңген, тоталитарлық жүйенің шырмауынан шыға алмаған көпшілік ұлтына қарамастан КСРО-ның құлағанына наразылық танытып, қайсыбірі Ресейге қосылуды лайық көрді. Республика тұрғындарының басым бөлігі орыстар мен орыстілділер болатын. Бұндай кезеңде кириллицадан бас тарту емес, қазақ тіліне мемлекеттік мәртебе беру үлкен күшке түскенін білеміз. Оны күнделікті теледидар арқылы көріп, бұқаралық ақпарат құралдарынан оқыдық. Тіліміздің мемлекеттік мәртебеге ие болғанын зор жеңіс деп қабылдадық. Расымен де солай болатын. Ел арасында әліпбиімізді өзгерту, тілімізге нұқсан келтіреді, көпшілік үйренген жазудан шыға алмай орыстілділер қатарын көбейтеді деген үрей бар. Ол пікір негізсіз. Жазуымызды латын графикасымен таңбалау қазақтың болашағы үшін қажеттілік деп ойлаймын. Бүгінгі не таяу жылдарға емес, қазақ ұлтының жазба құралы болып мәңгілікке қалдыру үшін алынған шара.
Өзіміз кеңестік идеологияның пәрменімен орыс тілін неғұрлым тез үйренсек, соғұрлым коммунизмге тез жетеміз деген желеумен өмір сүрдік. Халқымыздың армандаған Тәуелсіздікке қол жеткізген тұста дербес шаңырағын көтерген Қазақ елінің нұрлы болашағына үлкен үмітпен қараймыз және әлемнің алпауыт мемлекеттерімен терезесі теңесетініне кәміл сенеміз. Оның бір парасы - латын әліпбиіне көшу – ұлт қажеттілігі. Бұл – қазақ тілінің халықаралық дәрежеге шығуына жол ашады. Бүгінгі жаңалығы желден жүйрік заманда ғаламтор жүйесінде үстемдік ете алатын латын әліпбиі екенін мойындасақ, қазақ тіліне, жаңа технологиялар арқылы, халықаралық ақпарат кеңістігіне кірігуге тиімді жолдар ашылады. Латын жазуы – қолданысқа оңай, игеруге ыңғайлы. Әлемдегі дамыған ғылым мен технологияның 80 пайызы латын графикасына негізделген. Оны қолданысқа енгізуіміздің біраз артықшылықтары бар, бастыларына тоқталар болсақ. Біріншіден: тіліміздің дыбыстық ерекшеліктері яғни акустикасы – (естілуі) латын әрпімен үндестік табады. Сексен жылға жақын пайдалансақ та, кириллицада біздің сөзімізге сай дыбыс бере алмайтын, яғни ауа тербелісін туындата алмайтын тұстары бар. Мысалы, менің әкемнің аты Қажымғали, орыс тілінде «қ», «ғ» әріптерінің болмауынан, барлық құжаттарда Кажимгалиев болып таңбаланған. Есімім Өмірзақ болса, құжатта Умирзак, өйткені, «ө», «і»-ні жеткізетін қаріп жоқ. Латынға ауыссақ, аты – жөнім табиғи дыбысқа сай жазылар еді.
Екіншіден әлем әдебиеті ағылшын тілінде, дамыған өркениетке де сол тіл арқылы жетеміз. Біздің оған көшуіміз шет елдік әдебиеттерді түп нұсқасында оқуымызға мүмкіндік береді. Мәдениетіміз бен ғылымымыздың жетістіктерін дүние жүзілік деңгейге латын әліпбиі арқылы жеткізе аламыз. Үшіншіден Еліміздің ақын-жазушыларының шығармаларын шетте жүрген қандастарымыз, жалпы түрік тілдес жұрт оқыр еді. Бүгінгі күнгідей санаулы емес, барша жазушыларымыздың әлемге танылуына жол ашылады. Латын әрпіне көшу – түбі бір, тарихы ортақ халықтармен жақындастыра түсетін негізгі факторлардың бірі. Болашақта біз гуманитарлық ғылыми зерттеулерді жаңа сатыға көтеруге мүмкіндігіміз артады деп ойлаймын. Алаш арыстарының латын әрпімен жазылып жарияланған қаншама еңбегі ізденушісін күтіп жатқаны жасырын емес. Ағылшын тілін тез әрі қиындықсыз үйренуімізге жаңа жазуымыз бастаса, әлем жаңалықтарын уақытында тыңдап, оқи алатын боламыз. Мысалы жапондар өз тілдерін ерекше құрмет тұтады. Алайда ғылыми жаңалықтарымен ағылшын тілінде сөйлеседі. Ондағы мақсат – әлемді түгел қамту. Өйткені, ғылыми инновация тілі – ағылшын тілі.Бастамада кириллицамен жазылған қазақ ақын – жазушы-ларының шығармалары, ғылыми еңбектерінің тағдыры қалай болады деген көңілде күптілік орын алған. Алаң-даушылыққа негіз жоқтығына соңғы кезде компьютерлік бағдарлама арқылы 3 секунд ішінде «Абай жолы» романы латыншаға айналдырылатынын білгеннен кейін, бар күмәніміз сейілді.
Міне, халқымыздың болашағы жаңа әліпбимен тікелей байланысты, өркениетті де сол жазудан табатынымызға еш күмән жоқ. Сондықтанда бұл шара ұлтымыздың биік мұраты мен үндескен - өмір талабы. Біздің ұстанымымызға қарсылардың «қазақ сауатсызданып тілінен айырылады, халық балаларын орыс мектебіне береді» деген уәждері еш негізсіз. Себебі, жас буын сауатты қай әліппемен ашса, соны меңгереді. Бұл таяуда қолға алынатын жауапты міндетіміз. Қазіргі іс басындағы тұлғалар, жастардың басым бөлігі латын әрпін жақсы біледі. Тұрмыста пайдаланып отырған құралдар мен ұялы телефондардағы келіп жататын сансыз ақпараттарды қазірдің өзінде еш қиындықсыз меңгеріп отыр. Сондықтан орта жастағылар үшін тым күрделі болмас. Ауқымды шарада салмақтың басым бөлігі аға буынға түсер деп ойлаймын. Кеңестік тәрбие әбден қанына сіңген зейнеткерлер сәл де болса қиналуы мүмкін. Дегенмен, жасымыз жетсе де мүмкіндігіміз алғанынша заман талабына ілесіп, өркениетке ортақтасамыз.
Қай қоғамда да жаңалықты қабылдауға жұртшылықтың сақтықпен қарайтыны шындық. Бұл орайда қалың көпшіліктің пікірлеріне орай үш топқа бөлініп екшеліп шығатынын сезіну қиын емес . Алғашқысы - болашаққа сеніммен қарайтын, жаңалықты ой елегінен өткізіп, оның жарқындығы мен өміршеңдігіне күмән келтірмейтін көпшілік. Бұлар қоғамды әрқашан алға сүйрейтін белсенділер. Екіншісі қандай жаңалыққа да күдікпен қарайтын, өзіне де, өзгеге де сенімсіз, ілгері жетелейтін ішкі сезімдерін тұншықтырып, кері тартатындар. Өздерінің ұстанымдарын дәлелдеу үшін түрлі салдар ойлап табатындар. Бұлар - қоғамның қарқынды дамуына бөгет бола алмаса да дамуын баяулатуға әсер ететін-азшылық.Үшінші топ - нақты пікірі жоқ, жалтақтап әркімге қарайтын тұрақсыздар. Ұзақ жылдарғы құлдық сананың тежелгенінің айғағы. Уақыт өте бұлар да өз айта алатын болады.
Өмірзақ ҚАЖЫМҒАЛИЕВ,
зейнеткер.