Қазақстан Республикасы «Білім туралы» Заңының «Білім беру саласындағы халықаралық қызмет» атты 10-тарауында мемлекетіміздегі білім беру ұйымдарының халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асыруға құқылы екендігі атап көрсетілген.
Соның негізінде халықаралық ынтымақтастық білім жүйелерінің бәсекеге қабілеттілігін арттырудың, олардың әлемдік білім беру жүйесіне ықпалдасуының аса тиімді жолы ретінде қарастырылуда. Осы мақсатта мамыр айының ортасында Құрманғазы аграрлы-техникалық колледжінде Ресей Федерациясы және Атырау облысының ауылшаруашылығы және қызмет көрсету бағытындағы оқу орындары арасында халықаралық ынтымақтастық меморандумына қол қоюы елеулі оқиға болды. Меморандумда Ресейдің Астрахань сәулет-құрылыс мемлекеттік институтының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық колледжі (Е.Ибатуллина), автономды мемлекеттік кәсіптік білім беру мекемесі – Астрахань агротехникалық техникумының директоры (М.Мажитов), Құрманғазы аграрлы-техникалық колледжі (Б.Утегенов), Индер көпбейінді ауылшаруашылық колледжі (Б.Қонас), Махамбет көпбейінді ауылшаруашылық колледжі (П.Дүйсеев), Қызылқоға аграрлы-техникалық колледжі (Ж.Қамысбаев) директорлары өзара келісімге келіп, маңызды құжатқа қол қойды. Шараға сондай-ақ, Атырау облыстық білім беру басқармасы Әдістемелік орталығының бас маманы Ж.Қапсиық, аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Р.Сәуменов, аудандық кәсіпкерлер және туризм бөлімінің басшысы Қ.Махсотов және колледждің әлеуметтік серіктестік өкілдері қатысып, өз ұсыныс-пікірлерін білдіріп, сәттілік тіледі. Осылай ауыл жастарына жоғары деңгейде кәсіби білім беруге бағытталған кәсіптік-техникалық ұжымдар арасындағы байланыстарды жетілдіру, ғылыми-техникалық әлеуетімен алмасып отыру келіссөзі халықаралық деңгейге көтерілді.
А.НӘЖІМОВ.