ІЗДЕНІМНІҢ ЖЕМІСІ – БАС БАЙРАҚ

(0 Votes)

Таяуда облыстық пәндік олимпиадаға қатысып, республикалық додаға жолдама алған едім.

Енді міне, бүгін, толқыған сәттер, дайындалған күндер артта қалып, еліміздің әр түкпірінен жиналған білімпаз жастар арасынан Алтын медаль – бас бәйгені қанжығама байладым. Бұл – сөз жоқ, талабымды таныған ата-анам мен білім нәрімен сусындатқан ардақты ұстазымның еңбегінің жемісі.

Білім бүгінгі күннің басты қажеттілігі. Ешқашан сарқылмайтын, өмірде бағыт-бағдар беріп, мыңдарды жығатын күш. Ол жеңілмейтін қару, қараңғы түнде адастырмас жарық жұлдыз. Дүниетанымы кең адам ғана бәсекеге төтеп береді. Табысты болудың да басты кілті- терең білімде. Осындай факторларды саралай келе, мен кішкене күнімнен білімге құштар болып өстім.

Оқуға деген талпынысты жастайымнан ата-анам санама сіңіріп өсірді. Әріпті енді таныған маған халық ертегілерін айтып беріп, өтірік өлеңдер жаттатып, аңыз әңгімелер оқытып, халық ауыз әдебиетінің қайнарынан сусындатқан алғашқы ұстаздарым ата-анам. Ал, олар оятқан әдебиетке деген қызығушылықты құштарлыққа жалғап, әдебиет атты әлемге еліте білген, шабытымды ашып, шығармашылығымды шыңдап, білім биігіне жетелеген ұстазыма да алғысым шексіз.

Осылай, білікті ұстаздан білім алып, өз ізденімпаздығым, еңбекқорлық пен табандылықтың арқасында мектеп қабырғасында жүріп, пәндік олимпиада, оқулар, байқаулар мен білім додаларында бақ сынадым. Ауданнан топ жарып, облыстық «Абайтану» олимпиадасы, «Махамбет оқуында» жүлделі орындар иемдендім.

5-сыныптан бастап, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен аудандық олимпиадаға қатысып, алдыңғы қатарлардан көрінгенім де ұстаздарымның тәлімі, ата-анамның қолдауы.

Биылғы оқу жылында аудандық пәндік олимпиадада әділ іріктеу, шынайы бағалау, нақты саралау нәтижесінде облыстық олимпиадаға жолдама алдым. Одан да сүрінбей өтіп, республикалық кезеңде жүз жүйріктен шын жүйрік боп озашауып, І орын - «Алтын медальға» қол жеткіздім. Осының бәрі білімге деген құштарлық, үздіксіз ізденіс, талмай еңбектенудің арқасы, ашықтық пен жариялылық, әділдік пен адалдық үстем құрған қоғам жемісі деп білемін.

Бүгінгі замандас, құрбы- құрдастарымның да білімге талпыныстары зор болса екен деп тілеймін. Білімді адамға төрткүл дүниенің есігі айқара ашылып, арман асуын бағындыруға зор мүмкіндік беріледі. Қазіргідей заманда білімді болу сәнге айналған. Ең бастысы, білімді болсаң, жетістіктерге қол жеткізесің. Бұл сөздерді өз басымнан өткізген соң ғана айтып отырмын. Әйтпесе, шалғай ауылдан шыққан мен сияқты оқушының талайы сол додада бақ сынады емес пе?! Сондықтан, қазақ елінде озық ойлы жастар, білімді, дарындылар көп болса екен деп тілеймін!

Назерке ҚАНАТҚАЛИЕВА,
Дина Нұрпейісова атындағы орта

мектептің 11- сынып оқушысы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521